Жаңғыртулар ел игілігіне қызмет етеді

Жаңғыртулар ел игілігіне қызмет етеді

 

Бүгінгі таңда сот жүйесін жетілдіру мен жаңғырту жолында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Қазіргі кезде соттарда ең көп қаралатын азаматтық және әкімшілік істер болып табылады. Сол себепті де Орал қалалық №2 және облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыс соттарына  түскен істердің 83 пайызын қарап отыр. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында облыс соттарындағы барлық істердің 55 пайызы қаралады. Сондықтан бұл соттарда адамдар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор.  Осыны ескере отырып, Орал қалалық №2 соты мен Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қолайлы жағдай жасалған жаңа,  жалпы көлемі 7400 шаршы метрлік жаңа ғимаратқа көшіріліп, жаппай әрекет кеңсесі (фронт-офис) жасақталды. Ашылуы жуық арада күтілуде. Кеңсе заманауи инженерлік-техникалық құралдармен, электрондық кезек жүйесімен, өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен, күту залымен және басқа да инфрақұрылыммен жабдықталмақ. Мұнда ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне өзі қызмет көрсету аймақтары орналастырылатын болады. Сондай-ақ адвокаттың, медиатордың, психолог-конфликтологтың кабинеттері жұмыс істейді. Олар тегін кеңес береді.

Жоғарғы Соттың «Соттағы татуластыру рәсімдері» жобасының аясында 2018 жылғы 3 мамырда Орал қалалық №2 сотында «Татуластыру кабинеті» ашылды. Онда екі татуластырушы судья жұмыс істейді. Кабинеттің негізгі жұмысы жанжалды реттеуге, тараптар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге,  жанжалжы шешудің өзара тиімді жолын табуға бағытталған. Кабинетте жайлылық пен құпиялылық орнатылып, әңгімелесуге жағдай жасалған.  Осы уақыт арасында татуластырушы судьялар 354 азаматтық дау бойынша тараптарды татуластырып, істер медиациялық тәртіппен қысқартылды. Сонымен қатар, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта «Отбасылық сот» пилоттық жобалары енгізіліп, қазіргі таңда тиімді жұмыс жасап жатыр.

2018 жылғы 25 мамырдан бастап Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Осы  жоба енгізілгеннен бастап жалпы тәртіпте қаралатын әкімшілік істердің саны қысқартылды. Бұл жалпы сот төрелігін жүзеге асыруға игі әсер етті. Нәтижесінде, күндізгі уақытта судьяларға түсетін ауыртпалық айтарлықтай төмендеді және күрделі істер бойынша жұмыс сапасын жақсартуға негіз болды.

«Түнгі сот» жұмысының 18-ден 22 сағатқа дейін белгіленуі, азаматтар үшін қолайлы. Өйткені жұмыстан сұрануға, күндізгі жоспарларын бұзуға және күнделікті өмір ырғағынан ауытқуға қажеттілік туындамайды. Сонымен қатар, істер әдеттегі 72 күннің орнына қысқа мерзімде, 3 күнге дейін қаралып болады.

Мәселен, 2018 жылғы 6 ай ішінде «Түнгі сотта» 415 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып,  бірде-бір сот актісіне шағым келтірілмеді.

Әдетте, көптеген құқық бұзушылықтар кешкі уақыттарда жасалады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары да осы кезде жиі орын алады. «Түнгі сот» жағдайында апат салдарын ең қысқа мерзімде жоюға, сонымен қатар зақымдалған көлік құралдары үшін сақтандыру төлемін алу тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік туындайды. Жол ережесін бұзудан басқа, сотқа отбасылық және тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы, ұсақ бұзақылық, ұрып-соғу, сот актілерін орындамағаны және көші-қон заңдарын бұзғандығы туралы материалдар түсіп қаралуда. Аталған санаттағы істер әкімшілік сотта қаралған істердің 80 пайызын құрайды.

Жоғарыда аталған фактілер «Түнгі сот» қызметінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта «Отбасылық сот» жобасы енгізілді.  Пилоттық жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтауды, отбасылық дауларды татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешуді, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне шаралар жасауды көздейді. Бүгінде өркениетті елдердің біразында отбасылық соттар қызмет етеді және ол отбасынан бастау алатын мейірімділік, ізгілік қасиеттерді сақтауды жүзеге асырып отырғаны анық. Жобаның нәтижесінде отбасылық даулардың 55 пайызы татуластыру тәртібімен шешілуде.

Өңірімізде халықты татуластыру рәсіміне мейлінше тарту үшін кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.

Медиация институтын жетілдіріп, дамыту, әсіресе сотқа дейінгі медиация аясын кеңейту мақсатында медиаторлардың ортақ біртұтас  басқармасы органын құру туралы шешім қабылданды.  Сөйтіп облыста «БҚО қоғамдық медиаторлар Одағы» құрылды. Жалпы, медиация жұмысын жеңілдету мақсатында былтыр өңірде тұңғыш рет «Цифрлы медиация» қанатқақты жобасы енгізілді. Оның арқасында қалаған тұлғалар медиаторларды оңай тауып, хабараласа алатын мүмкіндік алды. Нәтижесінде  2115 дау-дамай бойынша медиативтік келісім жасалды.

Облыс әкімімен бірлесе отырып жергілікті БАҚ арқылы тұрғындарға медиацияның дамуы туралы үндеу жарияланды. Әлеуметтік желілерге қоғамдық және мәдениет қайраткерлерінің аталған бастамаға қолдау білдіргендігі туралы бейне роликтер таратылды. Жергілікті атқарушы органның қолдауымен облыс орталығында «Татуластыру орталығын» ашу жоспарланып отыр.

Қазақ ықылым заманнан бері елдің ата дәстүрін заңмен теңестіре құрметтеген. Бұрын қазақта түрме мен соттың болмағаны, барлық дауларды билер шешкені белгілі. Бітімгершілік институтын дамыту барысында осы ұлттық құндылығымызға қайта бетбұрыс жасадық. Кішігірім, ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен  шешу мәселесін қолға алдық.

Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен ерекшеленіп, халыққа ең жақын құқықтық орган болғаны аян. Билер сотының құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізудегі өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне дүниежүзіндегі ғалымдар нақты көз жеткізіп отыр. Осы үрдісті жаңғырту үшін облыстық сот  билер кеңесінің ережесін әзірледі. Ол облыс әкімінің қаулысымен бекітілді. Қазіргі уақытта өңірдегі 10 ауданның 95 ауылдық округінде Билер кеңесі құрылып, өзі жұмысын атқаруға кірісті.

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асырылғалы бері барлық салада бұл бағдарламаның бәсекеге қабілеттілік сипаты көрініп отыр. Осындай цифрлық технологияға көшкендердің алғашқыларының бірі  сот саласы. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс TrueConf «Мобильді бейнеконференцбайланыс» қосымшасы арқылы қаралады. Сөйтіп құқықбұзушы мен жәбірленуші сот отырысына қашықтан қатысатын мүмкіндік алды.

Тағы бір жүзеге асырылып жатқан тиімді жоба «Виртуалды соттың» мақсаты сот төрелігіне қол жетімділікті арттыру, сотпен кедергісіз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беру болып табылады. «Виртуалды сот» жобасы азаматтардың цифрлық сауаттылығын жоғарлатуға, уақыттарын үнемдеуге, сонымен қатар сот ісін жүргізуде инновациялық технологияларды қолдануды дамытуға ықпал етеді.

  Сонымен қатар, «Сот кабинеті» арқылы азаматтар  мен заңды тұлғалар онлайн режимде электронды түрде талап арыздар мен өтініштерін жолдауға, істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндігі бар.

Қылмыстық істер электронды түрде жолданып, электронды түрде қаралуда. Барлық семинарлар мен кеңестер бейнеконференбайланыс арқылы өткізіледі. Сот процестерінің барлығына дыбысбейне жазба қолданылады..

Былтыр Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның бірлескен «Заңдылық» ақпараттық-талдау жүйесін қалыптастыру жобасы енгізіліп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. «Заңдылық» қылмыстық сот төрелігінің ашықтығын, сапасын арттыруға және тиімсіз құжат айналымын болдырмауға ықпал етеді. Қылмыстық істерді тергеуде және сотта қарау кезінде заңның бұзылуына байланысты болып келетін қатысушылардың шағымдарын азайтуға мүмкіндік береді.  Сот саласындағы әрбір реформа азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

Жоғарғы Сот төрағасы судьялар шығартын сот актілерінің халыққа түсінікті тілде болуына қатаң талап қойып еді.  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2018 жылғы 29 тамыздағы өкімімен сот актілерін жасауға және ресімдеуге жаңа талаптар қойылып, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енгізілді.  Енді үкімдер, қаулылар, шешімдер жаңа форматта жасалатын болды. Бұның негізгі мақсаты - жоғарыда айтқанымыздай, шешімдер мен үкімдер қарапайым халыққа түсінікті болу керектігі. Мазмұны бойынша оңай, жеңіл, түсінікті тілмен жазылуы тиіс.  Қазіргі барлық сот актілері аталған талаптарға сай жазылуда.   Сонымен қатар, әрбір судьяның өзі қабылдаған сот актісін сот процесіне қатысушыларға жеткілікті тілде түсіндіріп беру міндеттілігі қолданысқа енгізілді. Осының нәтижесінде шағымдалған сот актілерінің көлемі азайды. Мәселен, азаматтық істер бойынша шағымдалған сот шешімі 12 пайызға, қылмыстық істер бойынша-36 пайызға, әкімшілік істер бойынша -28 пайызға төмендеді.

Еліміздің сот жүйесіндегі реформалар барысында заңнамаларға жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр.

Ағымдағы жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Осы заң шеңберінде 42 заңнамалық актіге, соның ішінде 11 кодекске түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда, меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелік институтына, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге қатысты түзетулердің 8 бөлігі көзделген.

Бірінші бөлік банктік қарыз беру шарты бойынша тараптардың мүліктік құқығын қамтамасыз ететін түзетулерді қарастырады.

Екінші бөлікте мемлекеттің мұқтаждықтары үшін жер телімін алу кезінде теңдей өтемді алуға жағдайлар жасайтын түзетулер көзделген.

Түзетулердің үшінші бөлігі мүлікті тәркілеу кезінде жеке тұлғалардың мүліктік құқықтарын қорғауға бағытталған.

Түзетулердің төртінші бөлігі экономикалық және салықтық құқық бұзушылықтарды ізгілендіруге байланысты.

Бесінші бөлік сот жүктемесін оңтайландыруға бағытталған түзетулерден тұрады.

Түзетулердің алтыншы бөлігі салық заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін ұлғайтуды көздейді (Әкімшілік кодексінің 275, 278, 280-баптары).

Өзгерістердің жетінші бөлігі халықаралық актілердің ережелеріне сәйкес «Төрелік» туралы Заңды жетілдіруге бағытталған.

Сегізінші бөлік құқық қолдану тәжірибесі мәселелерін шешу үшін түзетулерді қарастырады.

Бұл ауқымды өзгерістер сот төрелігін тағы бір сапалық белеске көтеріп, өркениетті елдің заңдарының заман ағымына сай жағыра түсуі тәуелсіз ел азаматтарының құқықтық әлеуетін жақсартып, әл – аухатының арта түсуіне жағдай жасайтыны сөзсіз.

 

Бек ӘМЕТОВ

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.