Петропавлда жасөспірімдердің түнгі бұзақылығы әлеуметтік желілер арқылы анықталды
https://youtube.com/shorts/E5qWzLNDHMQ?feature=share
Жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерін Петропавл қаласының тұрғыны бейнежазбаға түсіріп алған. Түн ортасында төрт жас жігіт Уәлиханов көшесіндегі аялдама павильонын теуіп, қатты шулап, былапыт сөздер айтқан. Алайда куәгер полицияға хабарламаған. Құқық бұзушылық фактісін полицейлер әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг барысында анықтады.
Келесі күні тәртіп сақшылары бұзақыларды анықтады. Тексеріс барысында павильонға зақым келмегені белгілі болды, сондықтан ата-аналарына оның құнын өтеу мүмкіндігі туындаған жоқ. Топтағы жалғыз кәмелетке толған азамат — колледждердің бірінің 18 жастағы студенті 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қалған жасөспірімдер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды, ал олардың заңды өкілдері ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны және кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін жауапқа тартылды. Полицейлердің назарына бұрын да іліккен жасөспірімдердің біріне қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жолдау үшін жинақталуда.
Тәртіп сақшылары тұрғындардан: егер сіз заң бұзушылықты бейнежазбаға түсіріп алсаңыз, бұл туралы дереу полицияға хабарлауды сұрайды. Бейнематериалдарды Kaspi, Halyk және eGov Mobile қосымшаларындағы «Заң мен Тәртіп» сервисі арқылы жолдауға болады. Уақтылы хабарлау жедел шара қабылдауға септігін тигізіп, кейінгі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
