Алаяқтарды тануға көмектесетін сөз тіркестерін есте сақтауға СҚО полицейлері кеңес береді
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Соның салдарынан Петропавл қаласының тұрғыны шамамен 15,5 миллион теңгеден айырылған.
58 жастағы қала тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін электр энергиясын жеткізуші компанияның қызметкері ретінде таныстырып, «электр есептегішті түзету үшін сізге sms арқылы келген нөмірді айтып жіберіңіз» деген. Ер адам төрт таңбалы кодты айтып берген.
Көп ұзамай оған тағы бір адам хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырып, алаяқтар оның атына онлайн-несие рәсімдеуге өтінім бергенін айтып, «бұл несиелерді жою үшін сізбен біздің аға маман жұмыс істейді» деп сендірген.
Кейін алаяқ жәбірленушіні «айна» несиелерді рәсімдеуге және қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Бұдан соң қылмыскерлер ер адамды оның пәтері алаяқтар тарапынан саудаға қойылды деп алдап, мұның алдын алу үшін тұрғын үйді шұғыл түрде өзі сатуы керек екенін айтқан. Нәтижесінде жәбірленуші бір бөлмелі пәтерін сатып, түскен ақшаны тағы да «қауіпсіз шотқа» аударған. Алайда бұл қаражат та алаяқтардың қолына түскен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 15,5 миллион теңгені құрады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмысты тергеп, оған қатысы бар адамдарды, соның ішінде ақшаны шетелге шығаруға пайдаланылған «дропперлерді» анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Құқық қорғау органдары ескертеді: кім қоңырау шалса да, sms-кодты сұрау, «алаяқтық шабуыл жасалды» деген мазмұндағы үрейлі хабарламалар, несие рәсімдеуді және ақшаны «қауіпсіз» (айна, резервтік және т.б.) шотқа аударуды талап ету — алаяқтардың айқын белгісі. Полицейлер сақ болуға, қаржыға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеруге және банктердің бөлімшелеріне жеке барып жүгінуге шақырады.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
