Қарттар күніне орай Қазақстанның бірқатар облыстарының зейнеткерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі
Жыл сайын дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда 1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді. Республикада 2,2 миллионнан астам жасы бойынша зейнеткерлер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі.
Мемлекет аға буын адамдарын әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2% – ға оза отырып индекстеледі.
Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5% – ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4% индекстелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда зейнетақылардың 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті.
Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шараларды атап өтті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – ынан 70% - ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Бұдан басқа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарлануда.
Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.
Республикада 51 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2022 жылы 2,4 млрд теңгеден асты.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ат-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғам өміріне қатысуға бағытталған.
1 қазанда Қазақстанда Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады.
Сонымен қатар Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола облысында, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында 188,4 мың адамды қамти отырып, 1,6 млрд теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.
Жалпы, ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 4,7 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 4,2 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге), оның ішінде:
- біржолғы материалдық көмекке-1 635,3 млн теңге (шамамен
188,4 мың адам);
- азық-түлік жиынтығын ұсынуға - 410,8 млн теңге (45,4 мың адам);
- жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,2 млн теңге (5,0 мың адам);
- тіс протездеуге – 194,2 млн теңге (3,7 мың адам);
- санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға - 888,2 млн теңге
(8,3 мың адам);
- тұрғын үйді жөндеуге – 6,4 млн теңге (307 адам);
- отынмен қамтамасыз етуге - 67,5 млн теңге (2,3 мың адам);
– жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға-1 млрд 177,2 млн теңге (130,6 мың адам);
– көмектің басқа түрлеріне-329,3 млн теңге (31,3 мың адам).
Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланғанын естеріңізге сала кетейік.
Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.
[xfvalue_img]
13 пікір