Астанада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйел-офицерлер марапатталды
Көктемнің көркем мерекесі қарсаңында Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Елорда полициясында қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына айрықша қамқорлықпен қарайды. Салтанатты шара барысында тек қазіргі қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар ардагерлер, қаза тапқан ІІО қызметкерлерінің жұбайлары мен аналары да арнайы шақырылып, құрметке бөленді.
Бүгінде елордалық департаментте мыңға жуық әйел-офицер еңбек етеді. Олар әртүрлі бөлімшелерде табысты қызмет атқарып, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби шеберлігін көрсетіп келеді. Тергеуші, анықтаушы, криминалист, кинолог, жедел уәкіл және ювеналды полиция инспекторы ретінде ер азаматтармен қатар аянбай еңбек етуде.
Қалалық полиция бастығы барлық әйелдерге шынайы ризашылығын білдіріп, оларға амандық, зор денсаулық және көктемгі көңіл-күй тіледі.
– Бүгін біз құқық қорғау жүйесіндегі сіздердің рөлдеріңізді, адал қызметтеріңізді, қайсарлықтарыңызды және әділеттілікке деген ұмтылыстарыңызды мойындаймыз. Сіздер күн сайын ерлік пен жауапкершіліктің, қызметтік борышқа адалдықтың ер мен әйел болып бөлінбейтінін дәлелдеп келесіздер, – деді Марат Төлебаев.
Елордадағы әйел-полицейлердің еңбегі “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және құнды сыйлықтар – қол сағаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және елорда департаменті бастығының марапаттарына ие болды. Кеш соңында нәзік жандыларға арналып, ішкі істер органдары қызметкерлері мен қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Астана қ. ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
1 пікір