Агенттіктің жедел-тергеу қызметінің нәтижелері туралы

Агенттіктің жедел-тергеу қызметінің нәтижелері туралы

Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға тәсілдер айтарлықтай өзгеруде.

Қазіргі жағдайда дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жету жолында құқық қорғау қызметінің ашықтығын күшейту Заңның үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың, халықтың сенімін және атқарушы биліктің есептілігін арттырудың басты қыры.

Құқық қорғау қызметінің транспаренттілігі азаматтар мен инвесторлардың құқық қорғау органдарына сенімін күшейтудің көрінісі ретінде негізгі фактор болып табылады.

Осыған орай, Агенттік Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру аясында нормативтік-құқықтық, техникалық, құқық қорғау, құқық қолдану және заңнамалық бағыттарда ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл тек халықтың белсенді қатысуымен ғана жүзеге асады.

Осы тұрғыдан алғанда «Халық үнін еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, Facebook, Instagram, telegram, Twitter сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, ортақ Call-орталығы арқылы және AntikorLive, AntikorNews және т.б. жобалар аясында жүзеге асырылатын қоғаммен кері байланысты қолдау негізгі міндет болып саналады.

Азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерден келетін хабарламалардың саны зор сенімді сездіреді.

1424 Call-орталығы арқылы жыл басынан бері заңсыз іс-әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы күдік бойынша 264 қоңырау түсті (Олардың басым бөлігі ішкі істер органдары қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салалары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне тиесілі).

Биыл расталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлаған 64 азаматқа сыйақы берілді, оның ішінде Call-орталығы арқылы 10 млн. теңге (9 786 460 теңге).

Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 150-ге жуық (146) сотқа дейінгі тергеу тіркеді, 5 лауазымды адам ұсталды, 6 адамға қатысты "күзетпен ұстау" санкцияланды.

Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің басшысына және оның екі сыбайласына қатысты алаяқтық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Облыстық ведомство басшысы ү.ж. 18 мамырында екі сыбайласымен қылмыстық келісімге келіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығын алуға байланысты мәселені оң шешу үшін бір компанияның қаражатын заңсыз иемденуде күдіктеліп отыр.

Кінәларын толық мойындауға байланысты, күдіктілер ұсталған жоқ.

Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" ММ басшысына қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану күдігі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Аталған лауазымды тұлға өзінің лауазымдық өкілеттігін пайдалана отырып, ЖШС үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында, Мұғалжар ауданындағы орта мектептің құрылысы бойынша жұмыстарды мердігерлік ұйымның толық көлемде орындамағанын жете біле отырып, шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қарсылық білдірген.

Ү.ж. 20 мамырда күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабының тәртібінде ұсталып, Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің Алматы филиалы директорының орынбасары мен Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Олар алдын ала сөз байласып, алдау және азаматтың сеніміне қиянат жасау арқылы аталған мектепте әскери қызметтен өтпегені туралы мәселені шешу сылтауымен 150 000 теңге көлеміндегі қаражатты иемденуде күдікке ілінді.

Сонымен қоса, директордың аталған орынбасары әскери қызметті өтемеу туралы мәселені шешу бойынша ұқсас іс-әрекеттер жасағаны үшін 150 000 теңге сомасында тағы бір алаяқтық фактісіне қосымша күдіктеліп отыр.

Күдіктілер кінәсін толық мойындады, тергеу жалғасуда.

Қостанай облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қостанай облысы әкімдігінің Экологиялық реттеу бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол жеке кәсіпкерден қоршаған ортаны қорғау саласындағы шекті рұқсат етілген шығарындылар, қалдық төгінділері мен есептілік нормативтерінің жобаларын келісуге өтінімдерді жедел және оң қарағаны үшін 10-нан 50 мың теңгеге дейінгі көлемде бірнеше рет пара алуда күдікті болды .

Тергеу жалғасуда.

Осы Департаментпен Алтынсарин ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Олар бөлімнің ұрлықтарды ашуының жалған көрсеткішін жасау мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануда және сотқа дейінгі тергеу бойынша дәлелдерді бұрмалауда күдікке ілінді.

2020 жылы 13 мамырда күдіктілер соттың 2 ай мерзімге қамауға алу санкциямен ұсталды.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облысы аумақтық инспекциясының "Талдықорған" көліктегі фитосанитарлық бақылау бекетінің бас маманына қатысты 2020 жылғы 4 наурыз мен 19 мамыр аралығында кәсіпкерлерден, олардың өкілдерінен және жеке тұлғалардан жүктерді тексерусіз өткізу және жалпы қамқорлығы үшін "KASPI GOLD" карточкалық шотына аудару жолымен жүйелі негізде жалпы сомасы 73 000 теңге пара алу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Еңбекшіқазақ ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы" КММ бұрынғы директорына қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Сонымен, күдікті өзіне және басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында ҚМУ қызметкерлеріне азаматтардың нақты қатысуынсыз оларды жұмыссыз ретінде тіркеу, сондай-ақ әрі қарай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» "Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында көзделген әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуде заңсыз нұсқаулар берген.

Осыған дейін күдіктіге қатысты сот "үйде қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу жалғасуда.

Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шу ауданы әкімдігі бөлімдерінің бірінің басшысы мен осы бөлімнің құрылымдық бөлімшесінің директорына қатысты Шу ауданының елді мекендеріндегі су құбыры желілерін ағымдағы жөндеуге арналған 2 млн.теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бойынша, оларды одан әрі қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында, үлестес жеке кәсіпкердің есеп шотына аудару жолымен қылмыстық істі тергеуде.

Сондай-ақ, Шу ауданы әкімдігінің аталған бөлім басшысы пара алуда күдіктелуде.

Кінәсін толық мойындауға және күдіктілердің қылмыстық қудалау органына келу туралы міндеттеме беруіне байланысты ұсталған жоқ.

Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "ҚТЖ ҰК – Жүк тасымалы" АҚ - "БП Қарағанды бөлімшесі" филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Олар қызметкерлерге іссапар шығындарын негізсіз аудару жолымен АҚ-ның қаражатын ұрлауда күдікті болды.

Күдіктілерге қатысты көрсетілген қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешімдерді олардың кінәлілік дәрежесін айқындай отырып, соттар шығаратын болады. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сыбайлас жемқорлықтың себептері мен шарттарын жою жөнінде ұсыныстар енгізу тәжірибесі туралы 

Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлықтың себептері мен мән-жайларын жою үшін ұсыныстар енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылдың 4 айында мемлекеттік органдарға қылмыстық құқық бұзушылық пен басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 635 ұсыныс енгізді.

Олардың басым бөлігі ішкі істер органдарына (251), түрлі деңгейдегі әкімдіктерге (181), білім беру мекемелеріне (45) және квазимемлекеттік секторға (24) жіберілді.

Қарау нәтижелері бойынша 272 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның 29-ы жұмыстан шығарылды, 33-і атқарып отырған лауазымынан босатылды, 40-ы қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, 7-і лауазымы төмендетілді, 63-іне қатаң сөгіс жарияланды.

Сонымен қатар, 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде СҚО бойынша Департаменттің ұсынысы бойынша Шал ақын ауданы Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасарының азамат Р.К.Мусиннен ТЖ кезінде белгіленген шектеулерге қарамастан, оның өзінің және алып жүретін шетел азаматтарының кедергісіз жүріп-тұруы үшін 1,3 млн теңге сомасында пара алу  фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында СҚО бойынша Полиция Департаменті бастығының 22.04.2020 жылғы №436 л/с бұйрығымен:

- қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін СҚО ПД Шал ақын ауданы ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Б.Қ. Шаниев – полиция майоры арнайы атағынан айырылып, ІІО-дан шығарылды;

- заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша тәрбие жұмысын нашар ұйымдастырғаны, жеке құрам арасында тиісті бақылаудың жоқтығы және жеке-тәрбие жұмысының төмендігі үшін СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қ.Айтбаев пен СҚО ПД бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Қ.Дәулетбаев «қатаң сөгіс» тәртіптік жауапкершілігіне тартылды;

– сеніп тапсырылған бөлімшенің тиісті қызметтік жұмысын ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер, жеке құрам арасында тиісті бақылаудың жоқтығы және тәрбие жұмысының әлсіздігі үшін Шал ақын ауданы ПБ бастығы полиция подполковнигі Қ.Нұрахметов атқарып отырған қызметінен босатылды.

Бақылаудың болмауы және бағыныштылардың заңдылықты бұзуына жол бергені үшін 130 түрлі буын басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы мен қызметкерлері еңбек ұжымдарымен 144 кездесу өткізді, онда 257 ұсыным қаралды.

Агенттік енгізілген ұсынымдардың нәтижелері бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін себептер мен мән-жайларды жою жөнінде шаралар әзірлейді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен аяқталған келесі істер бойынша сот үкімдері 

Өткен аптада 11 үкім шығарылды, олар бойынша түрлі деңгейдегі және саладағы мемлекеттік органдардың 12 лауазымды тұлғасы сотталды.

Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін бір үкім шықты, онда мемлекеттік қызметші ТЖ жағдайында шектеу шараларын бұзу мүмкіндігі үшін пара алған.

2020 жылғы 13 мамырда Алматы қаласының №2 Жетісу аудандық сотының үкімімен Алматы қаласының тұрғындарынан "Ащыбұлақ" Кольцо №11 тосқауыл бекеті арқылы кедергісіз өту және шығу үшін бірнеше рет жалпы сомасы 380 000 теңге пара алғаны үшін (2020 жылдың 28 наурызы мен 8 сәуірі аралығында) Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімі аппаратының бас маманы С. Оразов мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен 13 300 мың теңге ауыппұлға сотталды.

2020 жылғы 19 мамырда Ақтөбе гарнизоны әскери сотының үкімімен "ҚР ҚМ БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті" РММ-нің бастығы полковник М.В.Есенов қарамағындағы қызметкерден қызмет бабында алға жылжуы мен қамқорлығы үшін 200 мың теңге көлемінде пара алуда кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру, сондай-ақ "полковник" әскери атағынан айырумен параның 30 еселенген сомасы көлемінде 6 млн.теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлық жүйелі сипатқа ие болған ішкі істер органдарының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне жақындығын атап өткім келеді.

Ағымдағы жылдың 4 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты 227 сотқа дейінгі тергеу болды, оның 92-і өндіріспен аяқталды, 90-ы сотқа жіберілді, қазіргі таңда ішкі істер органдарының 24 қызметкері сотталды.

Осы саладағы шығын сомасы 43 млн.теңгеден асады, оның 27 млн-нан астамы өтелді. Өткен аптада ғана ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты 4 үкім шығарылды.

2020 жылғы 18 мамырда Ақтау қалалық сотының үкімімен Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД Мұнайлы аудандық пробациялық қызмет бөлімінің бастығы А.Р.Елешов сотталушыға пробациялық бақылауды жүзеге асыру кезінде жалпы қамқорлығы үшін пара алуда кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 1 200 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

2020 жылғы 13 мамырда Орал қалалық сотының үкімімен аңшылық қаруды ұстау және сақтауға рұқсатты жылдам беру үшін 70 000 теңге сомасында пара алуға күдікті болған БҚО ПД Орал қаласының полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қаруды бақылау жөніндегі тобының инспекторы полиция капитаны А.Д.Мурзаканов мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан және "полиция капитаны" арнайы атағынан өмір бойына айырумен 1 750 мың теңге айыппұлға сотталды.

2020 жылғы 14 мамырда №2 сотының үкімімен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін пара алуда күдікті болған Қостанай облысының ПД Қостанай АПБ жол-көлік инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы, аға лейтенант У.А.Мирамов мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен 600 мың теңгені құрайтын параның отыз еселенген мөлшеріне сотталды.

2020 жылғы 15 мамырда Алматы қаласының Әуезов аудандық сотының үкімімен Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің Әуезов аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Е.Б.Бекболатов азаматтық қорғау аға лейтенанты арнаулы атағы мен мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен 475 мың теңге айыппұлға сотталды.

Ол соңғысын және оның жұбайы Г.Әшімованы ата-ана құқығынан айыру үшін негіз бола алатын ата-ананың баланы тәрбиелеудегі өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында өзі жинаған материалдарды ішкі істер органдарына жібермеу үшін пара алуда (19 000 теңге сомасында) күдікті болды.

Білім беру саласында жымқыру және парақорлық үшін осы саладағы 2 лауазымды тұлға сотталды.

2020 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданының №2 аудандық сотының үкімімен "Ұстаз" ЖШС өкілі А.В.Самойлюктен кәсіпкерлік қызметке араласпау үшін (мектептің тамақтану қызметі) 742 мың теңге сомасында (ай сайынғы бюджеттік қаржыландырудың 10%) пара алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№31 мектеп гимназия» ҚММ директоры И.К.Самсонова мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен 3 жылға бас бостандығынан айрылды.  

2020 жылғы 19 мамырда ШҚО Глубокое аудандық сотының үкімімен " Прапорщиков орта мектебі "КММ бас бухгалтері М.Қоңырбаева мен аталған мектептің бухгалтері Д.Скоробогатова қызмет бабын пайдалану арқылы ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 4 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

2020 жылғы 13 мамырда Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотының үкімімен 2019 жылдың желтоқсанында және 2020 жылдың қаңтарында Алматы қаласының аумағында жүк автокөліктерінің кедергісіз жүріп-тұруына көрсеткен жалпы қамқорлығы үшін Алматы қаласының жүк тасымалдаушысы А.Худайбергеновтен  жалпы сомасы 270 мың теңге көлемінде бірнеше рет пара алған "Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" РММ-нің жетекші маманы Н.С.Еланов мемлекеттік қызметте лауазым атқарудан өмір бойына айырумен 16 200 мың теңге көлеміндегі айыппұлға сотталды.

2020 жылғы 14 мамырда Алматы қаласының Медеу аудандық сотының үкімімен лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану арқылы ағаштарды кесуге жәрдемдескені үшін 400 мың теңге сомасында пара алуда күдікті болған Алматы қаласының жасыл экономика басқармасының мониторинг және жасыл қорды басқару бөлімінің бас маманы А.М.Әбілқалым мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен 1 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

Мен бастапқыда атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамыздың ортақ міндетіміз болғандықтан Агенттік халықпен өзара әрекеттестікке толық ашық.

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.