Отбасылық соттар қоғамға қажеттігін дәлелдеді

Отбасылық соттар қоғамға қажеттігін дәлелдеді

 

Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінен ең алдымен балалардың зардап шегетінін ескерсек, бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайтыны айқындала түседі. Жалпы толыққанды отбасында өмір сүрмеген, әкесі мен анасының тәрбиесін тең көрмеген балалардың көп нәрседен қағылатыны ешкімге жасырын емес. Осыған орай баланың болашағын, ұрпақтың келешегін басты орынға қойған біздің елімізде ажырасудың салдарын азайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның ішінде Жоғарғы Соттың жетекшілігімен енгізілген «Отбасылық сот» жобасын шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз етуді мақсат еткен игі қадам деп бағалағанымыз дұрыс.

Жаңа сотты құрудың маңыздылығы туралы айтқан Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Көшеде, қоғамдық орындарда орын алатын қатігездіктің түп тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі», - дегені есімізде. Расында тәрбиенің ақсауы, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі теріс әрекеттердің түпкі себебі. Сондықтан қауіпсіз орта құрып, қылмысқа қылбұрау салғымыз келсе кемшіліктің себебімен емес, салдарымен күресудің тетіктерін қарастырғанымыз жөн. Осы тұрғыдан алған отбасылық соттарға артылып отырған міндеттің шегі, жұмыстың көлемі үлкен.

Әлемде отбасылық соттардың қамтитын аумағы әртүрлі. Мұндай соттардың қалыптасқан, өзгелер үлгі ететіндей мінсіз жобасы жасалмаған. Дегенмен, бүгінге дейін өзіндік жолын тауып, қызметін бір жүйеге түсірген соттардың бай тарихын зерделеудің, оң тұстарын қолданудың пайдасы зор. Жанұялық түйткілдерді заңдық тұрғыдан шешетін ұқсас соттар Австрия, Ұлыбритания, Бельгия, Германия мен Франция, Жапония мен Канадада бар. Осы елдердің тәжірибесіне үңілгенде отбасы мәселелері ювеналдық соттар шеңберінше шешімін табатынын байқауға болады. Әсіресе сот жүктемесін оңтайлы қараудың, дауларды мәніне, маңызына байланысты топтастыра отырып реттеудің озық үлгісін көрсеткен Сингапур сотының тәжірибесі біздің елдің табиғатына жақынырақ. Өйткені мұнда отбасы қарым-қатынасынан туындайтын түйткілдердің бәрі бір соттың аясында шешімін табады. Сонымен қатар бұл елде барлық дау балалар мүддесін бірінші орынға қоя отырып реттелуімен құнды.

Біз де отбасылық соттарды қалыптастыра отырып, балалар тағдырының таласқа түспеуіне қолдан келгенше әрекет етіп жатырмыз. Бірақ ажырасудың азаймауы ұл-қызымыздың алаңсыз өмір сүруіне аз кедергі жасап отырған жоқ. Ажырасуды тек ерлі-зайыптылардың екіге кетуі деген тар шеңберде қарастырған дұрыс емес. Одақтың бұзылуы жұбайлардың ғана ертеңіне, психологиясына әсер етпейді. Мұның зардабын балалар көбірек тартады. Ажырасу балалар үшін моральдық тұрғыдан да, материалдық жағынан да үлкен соққы. Сондықтан отбасылық сот аясында медиацияны жандандырып, некені сақтаудың барлық мүміндіктері қарастырған абзал. Бүгінде қазақстандық соттар осы бағытта іргелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Отбасылық сот жобасы бойынша қол жеткізілген, алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелер аз емес. Десек те, «Бұлақ басынан тұнады» демекші, отбасылық құндылықтарды ұлықтауды тек арнайы соттың күшімен жөнге келтіреміз десек қателескеніміз. Ол үшін қазақы тәрбиенің қасиетін ұрпақтың санасына сіңіре бергеніміз жөн. Әсіресе, отбасылық соттарда қаралатын істерді азайтқымыз келсе некенің берік, жастардың әр қадамын ақылмен жасауына жол көрсеткен артықтық етпейді. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп ұрпағын тәрбиелеген бабаларымыз  отбасылық өмірге немқұрайды қарамаған. «Анасын көріп қызын ал» деген тәмсілге сүйенген ел шаңыраққа түсетін келіннің тегіне ерекше көңіл бөлгенін білеміз. Өкінішке орай ұлттық дәстүрдің бір бөлшегіне айналған осы үрдіс бүгінде тарихтың қойнауына сіңіп, ұмытылып барады. Содан болар ұл-қызының қандай мектепте білім алып, қандай мамандық таңдайтынына ақыл қосатын ата-ана, өмірлік жарын таңдарда баласының қалауына қарсы болмай, шетте қалып жатады. Шындап келсек үлкендердің ой салар, пікірін білдірер кезі осы емес пе? Алайда ең маңызды шешім қабылдар тұста баласын жалғыз қалдырған ата-ана жастар үй болмай жатып, ажырасқан кезде ғана бармағын тістейді.

 

 

Марина Сахипова

Орал қаласының №2 сотының судьясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 2

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.