ХАЛЫҚ МЕДИАТОРДЫҢ КІМ ЕКЕНДІГІН БІЛУІ КЕРЕК.
ҰРЫС БАР ЖЕРДЕ ЫРЫС БОЛМАЙДЫ. ДАУ-ДАМАЙ ЕШҚАШАН ЕШКІМГЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ӘКЕЛГЕН ЕМЕС. БІРАҚ ЕЛ ІШІ ДАУСЫЗ БОЛМАЙДЫ. ОНЫ ШЕШЕТІН БҰРЫН ДӘСТҮРЛІ ДАЛА БИЛЕРІ БОЛДЫ, АРА АҒАЙЫНДАР, БІТІМГЕ ШАҚЫРАТЫН ЕЛ ІШІНДЕГІ БЕДЕЛДІ КІСІЛЕР БОЛДЫ. ТӨЛЕ БИ, ҚАЗЫБЕК БИ, ӘЙТЕКЕ БИ СЕКІЛДІ ДАЛА ДЕМОКРАТТАРЫ, «ТУҒАНЫ ЖОҚ» ТУРА БИЛЕРДІҢ ЕЛДЕГІ БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАУ ҮШІН ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРЫП, ТӨБЕ БИЛІК КӨРСЕТКЕН ЗАМАНДАРЫ ӨТТІ. ҚАЗІР ДАУЛЫ КІСІ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕЛ ІШІНДЕГІ ЖАҚСЫҒА БАРМАЙДЫ. ІСТІ БОЛЫП, БАСЫ АУЫРҒАННЫҢ ҚАЗІРГІ БАРАР ЖЕРІ ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕЛЕР, ЯҒНИ ЗАҢ ОРГАНДАРЫНА, СОТҚА ЖҮГІНЕДІ.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы 2011 жылдың 5 тамызынан бастап күшіне енді. Медиация институтын дамытуға бағытталған заң аясындағы құқықтық базаның қабылдануын қамтамасыз етуді, даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеудің осы тетіктерін дамыту мақсатында жыл сайын медиаторлардың конференциялары өткізілуде. Әлемде медиацияны азаматтық дау-дамайларға, тұтынушылардың наразылықтарына, еңбек қатынастарынан туындаған шиеленістерге, отбасылық мәселелерге, т.б. қатысты қолданады. Елімізде медиация жеке, заңды тұлғалар арасындағы азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарға, сонымен қатар шағын және орта ауыртпалықтағы қылмыстық істерге қатысты пайдаланылады. Жалпы медиация институтының дамуы еліміздегі сот істерін азайтып, қоғамдағы шиеленістердің тез шешілуіне септігін тигізетіндігі даусыз.
Әлемде медиация ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап пайдаланыла бастады. Алдымен АҚШ, Австралия, Ұлыбританияда басталған бұл институт кейін Еуропаның басқа елдерінде кең қанат жайды. Алдымен отбасылық дау-дамайларды шешуден басталған медиация процедурасы кейін ірі-ірі коммерциялық, бұқаралық саладағы дау-жанжалдарды шешуге кірістірілді.
Қазір АҚШ-та, Австралияда, Еуропаның бірқатар елдерінде барлық даулардың үштен бір бөлігі медиацияның көмегімен реттеледі.
АҚШ-та экономика, саясат пен бизнес саласындағы маңызды келіссөздердің бір де бірі медиатордың қатысуынсыз өтпейді. Америкалық ірі корпорациялар қандай да бір дау-дамайларды шешу үшін міндетті түрде алдымен медиатордың көмегіне жүгінеді.
Ал Ұлыбританияда сот ұсынған медиатор процедурасынан бас тартқан тарап барлық сот шығындарын өтеуі міндетті. Германияның барлық құқық мектептерінде тұрақты медиация курстары оқытылады. Австрияда медиация туралы заң 2004 жылы қабылданды. Үндістанда медиация барысында жасалған келісімнің күші төрелік соттың келісімінің күшімен бірдей. Қытайда дау-дамайлардың 30 пайызы соттан тыс тәртіпте реттеледі. Жапонияда медиация процедурасы әлдеқашан жолға қойылған.
Медиатор – латын сөзі, қазақша баламасы «делдал», «ара ағайын», «бітімгер» дегенге келеді. Медиатор аққа ақ деп жақтаспайды, қараны қара деп қараламайды, екі жақты тыңдап, татуласуына, бір-бірін кешіруге жәрдемдеседі. Яғни медиатор екі адамның арасындағы ренішті жібітіп, бітімге шақырады, екі тарапқа қолайлы ортақ шешім қабылдауға, солайша дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуге көмектеседі.
Медиатор болып - жоғары білімі бар, жасы жиырма беске толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты, яғни сертификаты бар тұлға бола алады. Сонымен қатар, кәсіпқой емес медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар бола алады.
Адамдар сотқа арызданып, сотта іс жүріп жатқан кезде медиация көмегіне жүгінем десе, істің қаралуы тоқтатылады. Медиация бітімгершілікпен аяқталғаннан кейін баж салығы қайтарылатынын ескерсек, бұл процедура алдымен заңды тұлғаларға тиімді. Себебі жеке тұлғаларға қарағанда заңды тұлғалар баж салығын бірнеше есе көп төлейді. Әрі заңды тұлғалардың медиация процедурасына жүгінуі арқылы дау-дамайға қатысты ақпаратты сыртқа шығармауға, өзінің іскерлік беделін сақтап қалуына мүмкіндігі бар.
Қазіргі кезде адамдар медиация жайлы көп біле бермейді, сондықтан медиаторларға жиі жүгінбейді, сол жөнінде сұрақтар туындаған кезде, олардың заңгерлерге ақша төлеп қойғандықтарын, заңгерлердің ғана шешіміне бас ұратындықтарын айтады, яғни қызметі қымбат тұратын заң қорғаушысының көмегіне жүгініп жүреді. Бұл орайда медиация жайлы халыққа көбірек насихаттау керек.
Мұғалжар ауданында екі кәсіби медиатор және тиісті реестр тізбегінде тұрған жиырма үш кәсіби емес медиаторлар және ауданның беделді азаматтарынан құралған билер кеңесі жұмыстарын атқарып жатыр.
Ауызбіршілікті аңсаған, адамгершілігі қанында бар қазақ халқы үшін және сол халықтың бөлігі болып отырған Мұғалжарлықтар үшін «Медиация туралы» заңы өзінің оң нәтижесін ықпалдандырып жатқандығын айтқымыз келеді.
Мұғалжар аудандық сотының төрағасы
А.Т.Анарбаев
[xfvalue_img]