Сыбайлас жемқорлық «Кеселдің алдын алу»
Мемлекетті әлеуметтік-экономикалық жақтан ілгерілету үшін жасалуы тиіс басты қадамдардың бірі сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталуы керек. Сондықтан да Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап бұрынғы кеңестік одақ құрамында болған елдер ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы заң қабылдаған тұңғыш мемлекет болды.Себебі сыбайлас жемқорлықты заңның пәрменімен ғана жеңуге болатыны ақиқат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жылдар бойы жасалған жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Заңнан бөлек,жыл сайынғы Елбасы Жолдауларынан де жемқорлықты жоюға бағдар берілген.Мұндай тапсырманы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің алғашқы Жолдауынан да табуға болады. «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ» деген мемлекет басшысы орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіруді міндеттеген болатын. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Кемелұлының бірінші басшылардың жауаптылығын көтеру, қосшысы жемқорлықпен істі болғандарды қызметте қалдырмау туралы ұсынысы көпшілік көңілінен шыққаны анық.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жататындығы белгілі. Ең өкініштісі, халықтың мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын жемқорлық көріністерімен жиі ұшырасуы. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің қызметті , абыройды бір сәтке ысырып , қара басының қамын ойлап, сыбайластыққа себепкер болуы бүкіл мемлекеттік қызметке,билікке кір келтіретіндігі жасырын емес. Осындай кейбір қызметшілер қара басының қамын ойлап, болашақта Отанын да сатпауына кім кепіл? Осы орайда ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтің «Парақорлық, сыбайлас жемқорлық жайлаған елде имансыздық, әділетсіздік, қызғаныш қаулап, тамыр жаяды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті ешкімнің бет шырайына , лауазымына, шен-шекпеніне қарамай жүргізу керек», - деп атап өткен сөздері еске келеді.Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірінші басшыларының жауаптылығын арттыру ұсынысы толықтай орынды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халық құқықтық сауатты болуы тиіс.Заңның иісі мұрнына бармайтын, өзінің құқығын білмейтін азаматтар көбіне-көп мемлекеттік қызметті делдалдар арқылы алуға бейім. Олар өзі аса түсіне бермейтін қызметті пара беру арқылы реттеуді жөн көреді. Ал пара беруді көрсетілген қызмет үшін алғыс білдіру деп түсінетіндер сыбайластықтың санын үдетіп отыр. Бұл мәселені ел болып шешпесек, соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі.
Сондықтан қарапайым азаматтардың сеніміне қиянат жасап, қалтасын қақпас үшін көпшіліктің құқықтық сауатын көтеру парыз. Өз құқығын жан-жақты білетін адам мәселесін ортақ тәртіпке сай шешеді. Таныс іздеп, араағайындардан көмек күтіп әуре болмайды. Сондықтан , жаңа заңдардың артықшылығын түсіндіріп, қарапайым құқық әліппесін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап отыру кезек күттірмейді.
Екіншіден, мемлекеттік қызметтер барынша ашықтық, жариялылық принципіне бағынғаны жөн. Әрбір іс-әрекет ашық дерек көздерінен көрсетіліп, таныстырылса, билік пен халқтың арасындағы алтын көпірдің жалғануына үлкен көмек болады.
Осындай жұмыстар жүргізу арқылы дамыған Сингапур, Швеция, Нидерланды сияқты елдер жемқорлықсыз қоғамға қол жеткізіп отыр.Сингапурлық сарапшылар алдымен азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге, насихат жұмыстарын күшейтуге басымдық берген. Егер адам қай құжатты, қай мекеме, қанша уақытта беретінін білсе таныс іздеп сандалмайтыны белгілі. Екіншіден,мемлекеттік қызметтерде ешқандай жабық ақпарат жоқ, барлығы ашық, айқын. Көптеген қызметтер толықтай электрондық форматқа көшірілген. Мұндай жағдайда адами фактордың жойылатыны, бұл жемқорлыққа тұсау салатыны түсінікті.
Қазақстанның Сот жүйесінде де сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға,адами факторларды азайтуға қатысты қолға алынған іс-шаралар аз емес. Соттарда ашықтық пен жариялылық жолға қойылған. «Сот кабинеті» сервисі азаматтар жолдаған арыз-шағымдардың жедел тіркеліп, қаралуының кепілі. Арнайы сот ғимаратына келмей-ақ арыз жолдап, ұсыныс тастап, қажетті құжаттарды сұратып, бастыруға мүмкіндік беретін бұл сервис бүгінде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, істердің судьяларға компьютердің көмегімен автоматты түрде бөлінуі жемқорлыққа жол бермеудің бір әдісі, сонымен бірге соттарда сенім телефондары тұрақты жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Қорыта келе, дамыған елдерден үлгі ала отырып, Президентіміздің ұсынысын қолдап, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресіп, жемқорлықсыз Қазақстанды қалыптастыру әрқайсымыздың міндетіміз деп білуіміз керек.
А.А.Масенова
Ақжайық ауданының №2 аудандық
сотының бас маманы - сот мәжілісінің хатшысы
[xfvalue_img]