Сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы талқыланды
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотында сот төрағасы Азамат Борамбаевтың төрағалық етуімен «Қазақ тілінің рөлін сот ісін жүргізуде қолдану арқылы күшейту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына сот судьялары, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, адвокаттар алқасының, нотариалдық палата, жеке сот орындаушылар, екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты.
Аталған іс-шараның мақсаты – сот жүйесін модернизациялау, Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша шараларды дайындау болып табылады.
Іс-шараны аша отырып А.Борамбаев еліміздің тіл саясатының негізгі мәселелерін атап өтті, сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту мен нығайтуға, оның ішінде сот ісін жүргізу тіліне әсер ететін бірқатар факторларға назар аударды. Ол сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының процестік құжаттарды дайындау кезінде тілдік қағидатты іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін ерекше атады. Сонымен қатар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріне тоқталып, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге бағытталған шараларды іске асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Баяндама оқыған сот судьясы Әлібек Нұрғалиев, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану деңгейі әлі де төмен екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тергеу органдарының қызметкерлері мен адвокаттардың қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты. Сонымен қатар, баяндамашы өз сөзінде сот процесі кезінде азаматтардың іс материалдары қалыптастырылған орыс тілінде өздерінің ойларын жеткізе алмаған фактілерді келтірді.
Іс-шараға қатысқан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асан Қайыров, қазақ әліпбиінің кириллицадан латын графикасына ауысуы тақырыбында баяндама жасады. Доцент, өз сөзінде, коммуникациялық кеңістікте бүгінде латын графикасының үлесі басым екендігін атай отырып, кириллицадан латын графикасына ауысу уақыт талабы екендігін атап өтті.
Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында адвокат Ғабдолла Қырықбаев «Адвокаттар алқасы тарапынан азаматтық істер бойынша сотқа жіберілетін істердің мемлекеттік тілдегі үлес салмағы» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі бойынша оқу курсынан өткен судьялар мен сот мамандарына сертифкаттар табысталды.
Іс-шараның соңында дөңгелек үстелге қатысушылар сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығын және оны одан әрі жетілдіруде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс жасау қажеттігін атап өтті.
Олеся Ташимова
Орал қаласының №2 сотының БАҚ-пен жұмысқа жауапты маманы
[xfvalue_img]
28 пікір