Тілі жоқтың күні жоқ

Тілі жоқтың күні жоқ

Ұлттың тамыры – тілі. Тілі жоқ елдің күні жоқ. Мысалы әлемде алты мыңнан аса тіл қолданылады. Соның ішінде тек 600-ге жуығы көпшілікке қажет тіл. Оларды қолданушылар саны да көп. Ал қалғанының өлі тілдер қатарына қосылу қаупі жоғары. Себебі ағылшын, қытай, орыс тілдерінің ықпалында қалған елдер өз тілінде түсінісуді сиретіп, өзгенің шылауында кетіп жатыр.  Мұндай қатердің алдын алу үшін ұлттың өз құндылығына деген жанашырлығы, қамқорлығы керек. Қазақтың тілі де қолдауға мұқтаж. Жеріміз кең болғанымен, саны аз халық болғандықтан бізге де барымыздан ажырап қалмаудың қамын жасау керек. Шындап келгенде ұлы Абайдың, кемеңгер Мұхтардың, ақиық Мұқағалидың көркем ойларына көрік берген қазақ тілінің қажет тілге айналуы дәл қазір сіз бен бізге байланысты. Тілдің тұғырының биік болуы мемлекеттік тіл деген заңдық статусқа ғана тәуелді емес. Ол үшін әрбір отбасы қазақша тіл табысып, қазақ тілін негізгі қарым-қатынас құралына айналдыруы шарт.

Осы бір берік ұстанымды әрбір мемлекеттік құрылымның басты қағида етіп ұстанатыны қуантады. Алысқа бармай-ақ еліміздің Жоғарғы Сотында атқарылып жатқан іс-шараларды алайық. Қазір кез келген сот ғимаратына кірсеңіз азаматтарға қажетті ақпараттар тек мемлекеттік тілде жазылғанын көзіңіз шалады. Түсінікті, анық, ұғынықты. Тағы бір кереметі сот отырысына келгендерді жылы шыраймен қарсы алатын кеңсе мамандарының бәрі де қазақша еркін сөйлейді. Сот табалдырығын аттаған азаматтар мамандардың қабағы мен ықыласына қарап үшінші биліктің жұмысына баға беретіндіктен, сенімді бекітуге сеп болатын мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қарым-қатынасты ақсатып алмаған абзал. Сот мамандарының, судьялардың қос тілді қатар меңгеруін талап ету – қарапайым азаматтарға сапалы қызмет көрсетсек деген ниеттен туғаны анық. 

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбындағы алқалы жиында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты іс-шаралардың назардан тыс қалмайтынын шегелеп айтты. Қазақстандық сотта қолға алынған, жақсы нәтиже берген бастамалар әлбетте аз емес. Енді осы жобаларды қазақша сөйлету, қазақ тілді тұтынушының талап, талғамына сай ету жұмыстары жалғасын тапқалы отыр.  Мұндай батыл бастаманы көпшілік талқысына шығарудың да мәні бар. Жақып Қажыманұлының пікірінше «Республика халқының 70 пайызы қазақ тілді азамат. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз. Екіншіден, жаза білуіміз керек».

Әрине, қазақ тілін білетін қазының жақсы сөйлеуге, сауатты жазуға ұмтылатыны сөзсіз. Бірақ, төрағаның айтып отырғаны баяғы жазу, бұрынғы жаттанды сөз емес. Жақып Асанов судьялардың өз шешімін көпшілікке түсінікті, ұғынықты етіп жеткізуі қажеттігін меңзеп, қарапайымдылық қағидасын сақтаудың маңыздылығын алға шығарып отыр. Тілді неғұрлым күрделентіп, үстемелеген сайын құны кетеді. Әдемі сөйлеу де суретшінің туындысы секілді. Бояуды бабымен жағып, түсін қанық етсең көз қуантады. Ал, баттастыра берген суреттің құны көк тиын. Сол секілді, соттың шығарған қаулы, шешім, үкімдерін тараптарға түсіндіру мен қағазға түсірудің де өзіндік тәртібі бар. Әсіресе, сот процесін қазақша жүргізудің әліппесін терең зерделеу артықтық етпейді.

Қазақ тілі ғажап тіл. Қазақтың сөздік қорының мол, тілінің шұрайлы, көркем екені ешкімнің таласын тудыра қоймас. Тек соны өз мәнінде қолдана білгеніміз жөн. Егер қос тарап өз дауына қатысты нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізсе, азаматтар сот шешімімен келісіп, жоғарыға шағым түспейтін болады. Қанша жерден дау қуған жан болса да мәселені қолмен қойғандай етіп берген судьяның пікірімен санасары күмәнсіз. Оның үстіне, бабаларымыз «Дау қуған бәлеге жолығады» дегенді тәрбиенің негізі еткен.

Ал, азаматтардың сенімінен шығатындай шешім шығарып, оны тараптарға жеткізе білу үшін не істеу керек? Оның кілті ізденіс пен еңбекте. Осы ретте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов Қазақстандағы әрбір судья білуі тиіс үш тілді атады. Үш тіл дегенде еліміз тұғыр еткен қазақ, орыс, ағылшын деп асығыс тұжырым жасауға болмайды. Ол – сот актісінің тілі, татуластыру тілі, IT технологиясының тілі. Тек осы үш тілдің де тамырында қазақ тілі тұруы керек. Сонда ғана қазақстандық соттың келешегі қазақ тілімен байланысты болады.

 Сахипова М.

Орал қаласының №2 сотының судьясы

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 3

1 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.