Істерді қараудың тәртібі ыңғайлы, жылдам, әрі тараптар татуласатындай болуға тиіс
Батыс-Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының судьялары медиацияны дамыту және дауларды соттан тыс шешу жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Тұрмыс тіршілігінің әртүрлі салаларына татуластыру рәсімдерін енгізу шиеленісті жағдайлардың азаюына ықпал етіп, әдеттегідей, сот дауларының санын азайтады.
Татуластыру рәсімдерін дамыту және тараптарды дауды сотқа дейін шешуге ынталандыру мақсатында соттың ішінде татуластыру кабинеті жұмыс істеп келеді. Медиация рәсімін жүргізу бойынша оқу курстарынан өткен бекітілген татуластырушы-судья істерді қарау барысында тараптарға татуласу мүмкіндіктерін кәсіби тұрғыда түсіндіріп өтеді. Сотқа 2019 жылдың 8 айы аралығында 554 іс келіп түсті, соның ішіндегі 261 іс өзара тиімді шарттарды қабылдау туралы келісімге қол қойғандарына байланысты тоқтатылды. Дауларды бейбіт жолмен реттеуге ықпал етудің нәтижесінде 21% іс татуласумен аяқталды, 29 іс бойынша тараптар бітімгершілік келісім жасасты. 232 іс бойынша медиативтік келісімдер бекітілген. Олар көбіне некені бұзу, мәміле шартын жасасу, өзгерту, бұзу және шарттық міндеттемелерді орындау, қарызды өндіру, залалды өтеу, мүлікті бөлу және басқаларға қатысты болған. Келісімдердің басым көпшілігі істер соттың іс жүргізуіне қабылданбай тұрып бекітілген.
Кабинеттің жұмыс істегені жалпы соттың жұмысына оң әсерін тигізіп жатыр. Өйткені сотқа келген кезде тараптар эмоционалдық күйзеліс жағдайында болады. Ал судьялардың олардың проблемаларына назар аударып, оларға өз мүдделері мен тілектерін білдіру үшін теңдей мүмкіндік беруі халықтың сотқа деген сенімін арттыруға, азаматтардың өзін құқықтары қорғалған адам ретінде сезінуге, байыпты шешім қабылдауға септігін тигізеді.
О.К.Ташимова
Орал қаласының №2 сотының БАҚ-пен жұмысқа жауапты маманы
[xfvalue_img]