Мемлекеттік қызметші келбеті
Алдымен мемлекеттiк қызметшi ұғымына қысқаша түсінік бере кетейік.
Мемлекеттiк қызметшi - мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап оның өкілеттілігі тоқтайды.
Мемлекеттiк қызметшi «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына сәйкес, құқықтар мен міндеттерге ие.
Мемлекеттiк қызметшiнің негізгі құқықтары - Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға, еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына, әлеуметтік және құқықтық қорғалуға, зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға және заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарға ие.
Ал, міндеттері Республиканың Конституциясын және заңдарын сақтап, мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдау, азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етіп, заңдарда белгiленген тәртiптер мен мерзiмде олардың өтiнiштерiн қарап, олар бойынша қажеттi шаралар қабылдау болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметті атқару барысында шектеулер қарастырылған.
Атап айтсақ, өкілді органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның ішінде коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кірмейтін болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға,өзі қызмет істейтін не өзіне тікелей бағынысты немесе өзінің тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға, өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға, ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға, лауазымдық өкілеттіктерін атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетін қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.
Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзінің жақын туыстары атқаратын лауазымға тікелей бағыныстағы мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.
Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау бойынша да талаптар қойылған. Олар - заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға, жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, Республиканың мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындалуын талап етпеуге және қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына бақылауды әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында 2015 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерінiң Әдеп кодексі және Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілді.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппаратың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Тұңғатарова Ш.С.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары
Әдеп жөніндегі уәкіл
[xfvalue_img]
10 пікір