Сыбайлас жемқорлық – індет
Өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Өйткені, ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Ең бастысы – адамдардың, қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау сынды қылмыстар сыбайлас жемқорлық санатты құрамына жатады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Утеева Г.
Орал қалалық соты кеңсесінің жетекші маманы
[xfvalue_img]