Сыбайлас жемқорлық туралы
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де зор нұқсан келтіріп отыр.
«Ең бастысы – әрбір мемлекеттік құрылыстың жанындағы істі, лауазымды тұлғалар пайдаға батпайтындай етіп қою керек». Бұл пікірді антикалық дана Аристотель айтқан. Ол уақыттан бері екі мың жарымдай жыл өтті, бірақ ең зұлым әлеуметтік жауыздық – сыбайлас жемқорлықты құрту адамзаттың әлі де қолынан келмеді.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйіткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда үкіметке, билікке деген сенімсіздікті тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан Елбасының назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», - деген болатын.
Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу - жалпыға ортақ міндет.
А.Муканов
Мұғалжар ауданының №2 аудандық сотының төрағасы
[xfvalue_img]