Сотты құрметтемеушілік үшін жауапкершілік бар
Істі қарау барысында, тараптар өзінің ұстанымын қорғайтыны, қорғаудың өз тәсілін таңдайтыны түсінікті, алайда істі қарауды мерзімін қасақана созу үшін сотқа келмеуі мүмкін, бір-бірін, кейде судьяны қорлау, судьяның заңды өкiмдерiне бағынбауы, сот талқылауын дұрыс жүргізу үшін тәртібін бұзып кедергі жасауы мүмкін. Осыған орай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың назарына сотқа құрметтемеушілік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершіліктің мазмұны мен санкциясын түсіндіруді жөн деп санаймыз.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысына сәйкес сотқа құрмет көрсетпеушіліктің, егер онда басқа арнаулы әкімшілік тәртіп бұзушылықтың немесе қылмыстың белгісі болмаса, кінәлі деп табылған адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 653-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, осыған сәйкес сотқа немесе сот белгілеген тәртіпке көпе-көрінеу менсінбеушілік әрекеттеріне айғақ боларлық кез-келген әрекеттің сотқа құрмет көрсетпеушілік болып табылады.
Сотқа құрмет көрсетпеушілік, егер ол судьяның және (немесе) алқабидің қызметтік істерімен байланысты қорлаумен астасып жатса қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 119, 120 баптарында сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары мен жауапқа тарту тәртібі қарастырылған.
Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен ӘҚБтК-де көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Сот отырысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғандығы туралы осы бұзушылық анықталған сот отырысының процесін тікелей жүргізуші судья құқық бұзушыға дереу сот отырысында сот кеңесу бөлмесіне кетпестен жариялайды.
Егер сотқа құрметтемеушілік сот отырысында білдірілсе және тәртіп бұзушы сот отырысының залынан шығып кеткен жағдайда, сот отырысынан тыс сотқа құрметтемеушілік білдірілмеген кезде, сондай-ақ егер сот отырысына келуден жалтару белгіленсе, сот приставы сот отырысына төрағалық етушінің ауызша өкімі бойынша құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетіледі. Бұл жағдайда құқық бұзушылық туралы хаттама қажетті материалдармен бірге ӘҚБтК-нде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі.
Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
ӘҚБтК-нің 653 бабына сәйкес сотты құрметтемеушілік келесі әрекеттері (әрекетсіздік) үшін туындайды:
-Процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен;
- сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан;
-сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк;
- сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер.
Сотқа қатысушылар заңмен көзделген тәртіпті сақтау, басқа қатысушылардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеп өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға, дауды уақытылы, дұрыс және объективті қарау үшін тараптар жарыспалылық пен тең құқықтылығы принципін сақтауы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген қағидаларды сақтамаған жағдайда ӘҚБтК-нің 653 бабында ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады, ал қайталап жасалған әрекеттер үшін – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Сот дауларын жедел және объектитвті қарауға және әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру мақсатында сотқа шақырылғандарды заң нормаларын сақтап сотқа уақытылы келуді және сот отырысында әдептілікті сақтауға шақырамыз.
Оразғалиева С
Казталов ауданының №2 аудандық сотының судьясы
[xfvalue_img]