ҰЛТТЫҚ РУХАНИ БАҒЫТТАҒЫ БИЛЕР КЕҢЕСІ
Соңғы уақытта қоғамдағы талас - тартыс, жеке тұлғалар арасындағы қақтығыстар күн санап еселену үстінде. Оның соңы әрине сот талқылауына әкеліп соғады. Ата-бабаларамыздың дәуірінде көптеген дау-дамайлар, кикілжіңдер мен күрделі сұрақтар дана билердің таптырмас ақыл-кеңестерімен, бітімгершілік жолмен шешіліп отырған.
Үш жүздің Ұлы үш биі - Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің қатысуымен әзірленген дәстүрлі құқық нормаларының жиынтығы «Жеті жарғы» қазіргі қолданыстағы әкімшілік, қылмыстық және азаматтық құқықтың нормаларын қамтыды.
Хан-сұлтандармен бір деңгейде ел басқарған билердің сол замандағы басты мақсаты дауласқан жақты татуластырып, олар үшін ортақ шешім шығарып, ақыр соңында ел бірлігін сақтау болған.
Рухани құқықтық мұраны зерделей келе, сол заманғы билер сотының қызметі дауласушы тараптарды бітімге келтіріп, келтірілген залалдың орнын толтыруға, яғни құнын өтеуге бағытталғанын байқаймыз.
«Даудың түбі біту»,-деген ұранды ұстанған дала билері кез-келген дауды татуласумен аяқтап отырған.
Елбасы бұдан бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында өз заманында сыннан сүрінбей өткен озық дәстүрлердің табысты жаңғыруының маңыздылығын атап өткен.
Ал осы түп тамыры тереңнен бастау алатын Билер сотының әділдікке, заңдылыққа және татуластыру рәсімдеріне негізделген мықты қағидаттарын қазіргі заманауи құқық қолдану жүйесіне енгізу өте қажет.
Осы бағытта қоғамдағы даукестік деңгейді төмендету мақсатында, дау (жанжалдарды) татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, бейбіт жолмен шешуге бағытталған БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ құрылғаны аса маңызды.
Билер кеңесі өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын-алу, татуластыру рәсімдері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды насихаттап жатса, ұлттық сананы жаңғыртып қана қоймай, келіспеген жақтардың бітімге келіп, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуына септігін тигізері сөзсіз.
Баянова Б.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы
[xfvalue_img]