Басты жобалар сәтті жүзеге асырылуда
Былтырғы жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, «Сот жүйесінің жеті түйіні» деп аталатын негізгі жеті басымдылықты айқындап берді.
Қойылған бірінші міндет - «мінсіз судья» қалыптастыру болып табылады.
Сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен өлшенеді. Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық соты Соттармен өзара қарым – қатынас жөніндегі Қоғамдық Кеңеспен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Судьялыққа кандидаттар бос орынға арыз берген кезде жан-жақты іріктеледі, баспасөзде олар жөнінде мәліметтер жарияланады. Кандидаттың кәсіби дайындығымен қатар, оның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беріледі.
Сонымен қатар, сот жүйесіне кадр дайындауда Сот төрелігі акедемиясының ерекше маңызы бар. 2018 жылы аталмыш Академияны облысымыздың соттарынан барған 4 қызметкер тәмәмдап, олардың екеуі судья лауазымына тағайындалып, енді екеуі алдағы уақытта сол қызметке орналасады деп күтілуде.
Судьялардың білім жетілдіруі, жоғары тұрған соттарда тәлімгерліктен өтуі және судьялардың біліктіліктерін арттырумен облыстық соттың оқу орталығы жұмыстанып келеді.
Бұған қоса, оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен 2018 жылы Орал қаласының Қазақ драма театры ғимаратында батыс өңірі мен Қызылорда облысының судьялары арасында кәсіби білімдерін сынаған өңірлік құқықтық турнир ұйымдастырылды.
Екінші басымдық - «үлгілі сот» қалыптастыру жұмысты оңтайлы ұйымдастыруға, сервистер сапасына, сот персоналына, материалдық техникалық қамсыздандыруға жүктеме, ресурстарды тиімді пайдалануға тығыз байланысты.
Қазіргі таңда Тасқала және Қаратөбе аудандық соты ғимаратында құрылыс жұмыстары жүргізілуде және бір аудандық соттың ғимаратына қосымша сот мәжіліс залы салынбақ. Ал Орал қалалық соты мен Зеленов аудандық №2 сотының ғимараттары ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Орал қалалық №2 соты мен Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жаңа ғимаратында келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Қажетті ақпаратты беретін анықтама бұрышы жұмыс жасап тұр. Ғимарат дәлізінде ғаламтор желісіне қосылған компьютер орнатылған.Ол арқылы келушілер өздеріне қажетті заң нормалары бойынша қажетті мәліметтері ала алады.
Екі күту залында сот жүйесіндегі жаңашылдықтар мен басым жобалар туралы роликтер таратын мониторлар бар.
Бірінші қабатта арыз үлгілері, қаралып жатырған істер бойынша сот отырысының өтетін орны мен уақыты көрсетілеген ақпарат орналастырылған. Бұндай жағдай БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында да жасалған.
Аталған үш сотта фронт-кеңсе іске қосу жүзеге асырылуда. Ол үш негізгі бөліктен тұратын болады: ақпараттық орталық, кіріс хат - хабарлар және өзіне қызмет көрсету аймақтары. Қазіргі уақытта жабдықтар және қажетті техника мен жиһазды орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
«Әділ процесс» аясында сот тәжірибесінің әділдігі мен объективтілігіне қоғамның қанағаттанбаушылығының негізділігін талдап, себебін анықтау, халықтың сот төрелігін нақты бағалау механизмін дайындау жүзеге асырылып, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құбылыстарының алдын алу және судьялар этикасы нормаларын сақтау, судьялар қызметін бағалау бағытында әр сот процесінен кейін тараптарға қысқаша сауалнама жүргізіліп отырылады.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді азаматтарға қолайлы уақытта қарау болып табылады. Жоба шеңберінде әкімшілік істер 18.00-22.00 сағат аралығында қаралады. 2018 жылғы 24 мамырда іске қосылған аталған жоба аясында Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 415 әкімшілік іс қаралды.
Сот процестерін оңтайландыру арқылы судьялардың жүктемелері азайып, күрделі істерді зерделеу уақыты артты. Қылмыстық іс бойынша да электронды сот ісін жүргізу кеңінен қолданылуда.
Сонымен қатар, судьялардың жүктемесі үлкен соттарда «Судья көмекшісі» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты – судьяларды техникалық жұмыстардан босатып, жүктемесін азайту, судья көмекшілерінің сот мәжілісі хатшыларын бақылауды жүзеге асыру және көмекші-судьялыққа кандидаттарға судья жұмысының дағдыларын үйрету болып табылады. Судья көмекшілері бекітілген судьялар 880 іс қарап, олардың тек 180-і бойынша ғана сот отырысын кейінге қалдыру жағдайы орын алып отыр.
Е-СОТ шеңберінде халық пен сот қызметкерлерінің ІТ қызметтерін толық пайдалануына жағдай туғызылмақ. Бұл жоба негізінде сот саласында электронды жүйелерді қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. 2018 жылы сотқа түскен талап арыздардың жүз пайызы, әкімшілік істердің 99,95 пайызы сот кабинеті арқылы қабылданған. Бұған қоса, 2018 жылғы 12 айда облыс соттары 429 электрондық қылмыстық іс қарады.
Тараптардың сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігі де іске асып, «Виртуалды сот» жобасы қолға алынып, азаматтар үйінен, жұмыс орнынан, немесе шетелде жүріп-ақ сот мәжілісіне «TrueKonf» мобильдік қосымшасын қолдану арқылы сот отырыстарына қатысуға мүмкіндік алды. Бейнеконференц байланыс жүйесін қолдана отырып қашықтан сот отырыстарын өткізу мүмкіндігі де бар. Бейнебайланыс жүйесіне арналған қондырғылар барлық қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне орнатылған.
Келесі басымдық - «Оңтайлы орта» бағдарламасы қоғам мен соттар арасында тиімді қарымқатынасты орнатуға арналған.
Сот жүйесінің ел алдындағы шынайы келбетін қалыптастыруда бұқаралық - ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Осыған байланысты облыс соттары жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. 2018 жылғы 12 айда жалпы 1751 материал жарияланған. Оның ішінде 767 мақала, теледидар мен радио эфирда 196 сұхбат берілді. Жоғарғы Сот пен облыстық соттың интернет сайтында 642 және 146 дайджест жарияланды.
БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекелеріне қатысты, олардың сот жүйесінің беделін арттыруға қосқан үлестерін ескеріп, мерекелік шаралар өткізіліп тұрады. Батыс Қазақстан облыстық сотының қоғамдық - саяси, құқықтық - танымдық «Ақ Жайық ақиқаты» газеті судьялар мен сот қызметкерлерінің, басқа да өңір оқырмандарының сүйікті басылымының біріне айналды.
Бұдан бөлек, облыстық соттың ресми парақшалары Facebook, Instagram және Youtube сынды әлеуметтік желілерде ашылып, облыс соттарының жаңалықтары кеңінен таратылып, түскен сот жүйесінің жұмысы туралы азаматтардың сын-пікірлеріне және сұрақтарына жауап беріліп тұрады.
Сот актілерінің түсінікті жазылуы, олардың қарапайым азаматтарға ұғынықты болуы мен олардың орындалуы өзектілігін жоймайтын мәселе.
«Сапалы нәтиже» жобасы аясында сот актілерінің азаматтарға түсінікті болуы үшін жаңа типтік нысан дайындалып, барлық сот актілері сол нысанда жасақталып келеді. Қазіргі таңда судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Бұл процесске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін азайтты.
Отбасы мен кәмелетке толмағандардың мәселелерін терең талдау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Отбасылық сот» жобасы іске қосылды. Жоба аясында істерді қарау барысында судьялар психологтарды, медиаторларды қатыстырады. Бұл жердегі басты мақсат – дауды кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғау мақсатында бейбіт жолмен реттеу болып табылады. «Отбасылық сот» жобасы ата-аналар арасында баланының мүдделеріне сай оны тәрбиелеу, оқыту және жалпы даму мәселелері бойынша қалыпты қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Басты жобалардың бірі - «Татуласу: сотқа дейін, сотта». Дауласушы тараптарды татуластыру – барлық жаққа да тиімді, әрі қажетті. Бұл жоба шеңберінде облысымызда көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, облыс бойынша 150 медиация кабинеті ашылды. Қазіргі уақытта дауларды сотқа дейін медиативтік келісімммен шешу аясы кеңейіп келеді.
Бітімгершілік рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында Орал қаласының №2 сотында Татуласу кабинеті ашылды. Кабинет сот ғимаратының бірінші қабатында орналасып, оның қолжетімділігі тараптарға кездесудің құпиялығын сақтап, бітімгер-судьяға жүгінуге мүмкіндік береді. Кабинет заманауи компьютермен, жиһазбен және жабдықталып, гүлдермен безендірілген.
Биыл «Сандық технологиялар арқылы медиацияға қол жеткізу» электрондық сервисінің пилоттық жобасы іске асырылып, «сандық медиация» порталы іске қосылды. Сервисті мобильдік қосымша түрінде жеке гаджеттер мен смартфондарға жүктеп алуға болады. Медиаторлар қызметіне онлайн режимінде қол жеткізу - медиаторды уақыт жоғалтпай-ақ табуға, құжаттармен қағазбастылықты жоюға септігін тигізіп, құқық қорғау органдарының жұмысын азайтып, сотқа жүгінбей-ақ дауды шешуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Бәйтерек ауданындағы Переметный ауылының орталығындағы Достық Үйінде Татуласу орталығы ашылды.
Бұдан бөлек, облыстық сот төрағасы Бек Әметов пен облыс әкімі Алтай Көлгінов бірлесіп аймақтағы медиация институтын кеңінен дамытуға, сондай-ақ жанжал деңгейін төмендетуге бағытталған Үндеу жариялады. Үндеу БАҚ өкілдерінің қолдауымен, тұрғындарға кеңінен таратылып, еліміздің зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдау тапты.
2018 жылғы тамыз айында Орал қаласының Салтанат Сарайында алқалы Форум өткізіліп, Жоғарғы Соттың "Татуласу: сотқа дейін, сотта" жобасының әкімшісі Гүлнәр Боранбаева және «Бірлесе даму әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту» қоғамдық қорының президенті Нұргүл Карағойшина зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, медиация институтын дамытуға, Жоғарғы Соттың бастамасымен құрылған Билер Кеңесін халық арасында дәріптеуге ат салысуға шақырды.
Қазақ тарихында билер өзінің қара қылды қақ жарған әділеттілігімен, білім-біліктілігімен ерекшеленген. Топқа салса – көсем, дауға салса – шешен болған. Тарихымызға, ұлттық ерекшелігімізге тән дауларды баламалы шешу тәсілі ретінде билер кеңесін құру туралы бастама Батыс Қазақстан облысының соттарында қолдау тауып, жалпы облыс бойыша 10 ауданның 95 ауылдық округінде Билер кеңестері құрылды.
Азаматтардың сот отырысына жұмыс уақытында келу мүмкіндіктерінің жоқтығын ескере отырып «Кешкі медиация» жобасы іске қосылды. Ол бойынша сот медиациялық келісімдерді кешкі уақытта, яғни сағат 18-00-ден 20-00-ге дейін жасай береді.
Бұл іске асырылып жатқан шаралардың бірсыпырасы ғана. Бұл шаралардың барлығы сот төрелігін атқару бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, қоғам мен сот органдары арасында тиімді байланысты орнатып, соттардағы қағазбастылықты жойып, ең бастысы, соттарға деген халық сенімін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Облысымыздың соттары осы жобалар аясындағы игі бастамалар мен атқарылатын жұмыстарға өзінің сүбелі үлесі қоспақ.
Э.Темірниязова
Батыс Қазақстан облыстық сотының кеңсе меңгерушісі.
[xfvalue_img]