Ел саясатының маңызды басымдығының бірі - гендерлік теңдік
Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердің мінез құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдердің жиынтығы. Ал, гендерлік саясат –қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді.
Аталған басымдық бағытында 1995 жылдан бастап елімізде барынша көп жұмыстар атқарылуда.
Мысалы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылып, ол 1998 жылы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып қайта құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті. Съезде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды.
Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығының Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Аталған сратегияны қабылдау және іске асыру тек әйелдердің ғана емес, сонымен қатар ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік берді.
Аталған стратегияны жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы «Тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алды-алу туралы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңдар қабылданды.
2016 жылы 6 желтоқсанда Елбасының қаулысымен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.
Тұжырымдама "Қазақстан - 2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Стратегиясына сәйкес еліміз Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамада көрініс тапқан жеделдетіп жаңғырту мен индустрияландыруға бағыт алды. Қазақстан бес стратегиялық бағытты іске асыру үшін 15-50 жылдық "мүмкіндіктер терезесін" пайдалануға ниетті, олар: адами капиталды дамыту, институционалдық ортаны жетілдіру, ғылымды қажет ететін экономиканы құру, заманауи инфрақұрылымдарды қалыптастыру және халықаралық интеграцияны тереңдетуі қажет.
Сонымен қатар, адами капиталды әлеуметтік жаңғыртудың объективті аса маңызды жағдайларының қатарына жатқызу күн тәртібінде экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси институттарды қайта құру қажеттігін туғызды. Осы мақсатта 2014 жылы Үкімет адами капиталдың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ барлық қазақстандықтар үшін өмір сүру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуіне бағытталған Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті, онда ана мен баланы, отбасылардың осал топтарын әлеуметтік қолдауға жеке назар аудара отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау бойынша стратегиялық міндеттерді айқындап берді.
Осыған қоса, әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою бойынша конвенцияның ережелерін орындау барысы туралы және әйелдер мен ерлер үшін құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігі бойынша заңнамалық базаның құрылуына БҰҰ Комитеті оң баға беріп отыр.
Аталған шаралардың барлығы еліміздің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу үшін әйелдер мен ер азаматтардың теңдігін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті болу мақсатында жүзеге асырылуда.
Әскери соттың Әкімшісінің Талдау және жоспарлау бөлімінің
бас маманы Г.А. Молдабекова
[xfvalue_img]
18 пікір