Медиация билер салған сара жол
Елбасымыз Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қарашадағы судьялардың V съезінде сөйлеген сөзінде: «Сот тәртібінде қарастырылуға жататын даулар санын азайтып, оларды шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде бітімгершілік рәсімдер мен медиацияларды енгізу маңызды. Бұл сот төрелігінің қалыпқа келуіне мүмкіншілік туғызады»- деген болатын.
Медиацияны қолдану аясын кеңейту үшін ол жөніндегі насихат жұмысын қолға алу қажет. Медиация сөзін азаматтар көп жағдайда жете түсіне бермейді. "Медиация" латыннның "медиагере" -" бітімгершілікке жүру" сөзінен алынған. Осылайша, Қазақстан Республикасының "Медиация туралы" Заңы елімізде дауларды шешудің жаңа бастамалы түрін бекітіп, республикада дауларды соттан тыс реттеу институты енгізілді.
Медиация заңы қабылданар алдында шетелдің, Америка, батыс елдеріндегі медиация институттарын зерттей отырып қабылданды. Дегенмен, өз тарихымызға көз жүгірте отырып, медиацияның яғни бітімгерліктің қазақ билерінің кеңінен пайдаланған билік құралы екендігі айқындалады.
Академик С.Зиманов бұл тұрғыда: «Қазақ құқығында барлық дау-дамайлар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, масқаралайтын, бітімгершілік және өзге де азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Жетімін жылатпады, жесірін қалдырмады. Бұдан артық қандай ізгіліктік керек?!»- деп билердің бейнесін тарихта алтын әріппен қалдырды.
Сондай-ақ, қазақта қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деген мақал бар. Мұндағы «біту» сөзі – бітістіру, татуластыру, бітімгершілік дегенді білдіреді. Тарихтан белгілі билеріміз рулар арасындағы дауды құнын төлеп, ары қарай тату бірлікте болуды қолдаған. Тараптарды табыстырып, екі жақты ұтымды жағдайға келтіре білген. Бүгінде билеріміздің салған сара жолы бүгінгі күннің билері судьяларға үлгі, өнеге.
2016 жылы қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Азаматтық Процестік кодексіне татуласу рәсімдері бөлек тарау ретінде бекітілді. Осы кодекстің 174 бабының тәртібі бойынша сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдесетіні көрсетілген. Іс жүргізу заңының жаңадан енгізіліп бекітілген өзгерістері бойынша бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтініш хаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Осыған сәйкес республиканың барлық судьяларымен медиация тәртібімен дауды реттеу бағытында олардың кәсіби - біліктіліктіліктерңн арттыру шаралары қолданылады. Медиацияны аппеляциялық сатыдағы сотта өткізуі үшін іс әдетте соттың алқалы құрамындағы судьялардың біреуіне беріледі.
Медиация сотта "Медиация туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексінде белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі. Сот тараптардың өтініщ хаты бойынша медиация рәсімін белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды реттеуіне ықпал етсе, оларды медиацияға шақыруға құқылы.
Егер дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
Процесті кодексінің бұл ерекшеліектері медиацияның іс жүргізудің барлық сатысында өткізуге мүмкіндік береді. Медиацияның мемлекет және ең маңыздысы халық үшін жағымды жақтары көп болғандықтан соңғы реформалары оны дамытуға бағытталған. Бүгінде республика соттары медиацияның қарқынды дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Әрбір сот ғимараттарында медиация кабинеттері ашылып, мүмкіндіктер артуда. Қазақ халқы «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»- дейді. Татулықты ту еткен ата баба жолын жалғап, татулық пен бірлікте болайық!
Ақмола гарнизоны әскери сотының
судьясы Е.Ибраимов
[xfvalue_img]
23 пікір