Судья әдебі кодексінің негізгі қағидалары
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің 31 қаңтар 2017 жылғы "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына жолдауында сот жүйесіне деген сенімді арттыру қажеттігін, және Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды екенін атап көрсетті.[1]
Биліктің сот тармағына деген сенімді арттырудың маңызды элементінің бірі бұл судьялардың жүріс тұрысы. Судьялар мен экс-судьялардың моральдық-этикалық бет әлпетіне қарап азаматтар Қазақстанның судьялар корпусына баға береді. 21 қараша 2016 жылы Астана қаласынада өткен VII Қазақстан Республикасы судьяларының құрылтайында Судьялық әдеп кодексі қабылданды. Кодекс қызметтегі судьялар мен отставкадағы судьяларға жүріс тұрыстың әдеп нормаларын бекітіп, оның қабылдануы Қазақстан Республикасы судьялар корпусы қызметінде маңызды оқиға болды.
Кодексте белгіленген кейбір жәйттарға тоқталып өткен жөн. Кодекстің кіріспе бөлігінде, судьялар БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарымен мақұлданған сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларының маңыздылығын сезіне отырып, судьялардың тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы мен сатылмайтындығы, құзыреттілігі мен ұқыптылығы және әдеп нормаларын сақтау туралы судьялардың жүріс-тұрысының Бангалорлық қағидаттары мен қағидаларын ескере отырып, үстемдікті құқық пен демократияның, ал сот билігінің тәуелсіздігін әділ сот талқылауына деген құқықтың базалық элементі ретінде мәлімдей отырып, азаматтардың, қоғамның адамагершілік, адалдық пен сатылмайтындық мәселелерінде биліктің сот тармағына, сондай-ақ сот жүйесінің беделіне деген сенімі қазіргі демократиялық қоғамда аса маңызды рөлге ие екендігін мойындай отырып, Судьялық әдеп кодексін қабылдай отырып, жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін жүріс-тұрыстың әдеп қағидаларын белгілейді деп көрсеткен.[2]
Кодекс ережелерінің басым көпшілігі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 бабында, және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңымен бекітілген судьялардың тәуілсіздігі қағидасымен тікелей байланысты.
Кодекстің 2 бабында, Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұру қажет. Судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен өзге де сот отырысына қатысушы адамдардан сондай қарым-қатынасты талап етуге және сот төрелігінің әділдігі олардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс делінген.
Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген Судьялардың тәуелсіздігі қағидасы Қазақстан Республикасы сот билігінің бірден бір кепілі. Судья шешімді жеке-дара қабылдауға, және оған ешкім ықпал етпеуі тиіс. Кодексте судья қабылдайтын процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігі қандай да бір жария талқылауға немесе оның қызметін қандай да бір бағалауға қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс делінген.
Конституциялық деңгейде судьялардың тәуелсіздігі биліктің тармақтарға бөлінуімен қамтамасыз етіледі. Биліктің сот тармағы өзге тармақтардан дербес, және судьяға депутат та, мемлекеттік қызметші де ықпал ете алмайды.
Осы себепті Конституцияның 23 бабы 2 тармағы, және Кодекстің 6 бабына сай, судьялар партиялар мен кәсіби одақтарға мүше бола алмайды. Тәуелсіздік қағидасы мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізін қалайды, себебі ол мемлекет заңдарының әділдігімен Конституцияның үстемдігіне кепіл болады.
Аталған қағиданың маңыздылығы халықаралық деңгейде атап көрсетілген. БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 қараша 1985 жылғы 40/32 қарарымен бекітілген Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларында сот органдарының тәуелсіздігі мемлекетпен кепілденіп, Конституция немесе заңдармен бекітіледі делінген. Барлық мемлекеттік және өзге де ұйымдар сот органдырының тәуелсіздігін құрметтеп, сақтауы тиіс. Аталған қағидалар судьялық әдеп кодексінде де айқындалған. Судьялардың объективтілігі, сатылмайтындығы қағидасы Қазақстан Республикасындағы сот әділдігі жүйесінің маңызды элементі болып табылады. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 28 бабы 2 тармағында, судья сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға міндетті деп көрсетілген.
Кодекс судьялардан кез келген процессуалдық емес қатынастарды болдырмауды талап етеді. Судья нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі адамдармен процестік және өзге де заңнамада көзделмеген кез келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстарды, егер осы іс-әрекеттер судьяның объективтілігіне және бейтараптылығына негізделген күмәннің туындауына алып келуі мүмкін болса, болдырмауға тиіс. Бұл әрекеттердің барлығы судьяға, және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне деген сенімге қиянат келтіреді.
Кодекс судьяның бұқаралық ақпарат құралдарына қаралып жатқан істің процессуалдық кезеңдері туралы мәлімет беруге, өзі қабылдаған сот шешімі бойынша түсіндірме беруге тыйым салмайды. Судья бұқаралық ақпарат құралдарына істі қараудың процестік сатылары туралы мәліметтерді, қабылданған сот шешіміне түсіндірмелерді, материалдық және процестік құқықтың нормаларын қолданудың қалыптасқан сот практикасы туралы ақпаратты бере алады. Алайда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 25 бабы 3 тармағында «судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес» делінген. Осылайша, судья қажет деп тапса, өзі қабылдаған сот шешімі бойынша түсіндірме бере алады, бірақ, міндетті емес.
Судьяның қоғамдағы жүріс тұрысына қарап, мемлекеттегі жалпы сот жүйесі туралы пікір қалыптасады. Сол себепті судьялық әдеп кодексінде судьяның кәсіби міндеттерін атқарған кездегі жүріс-тұрысы судьяның адалдығы мен сатылмайтындығы туралы қоғамның сенімділігін қалыптастастырып, нығайтуы тиіс екендігі айқындалған.
Сот әділдігін жүзеге асыру, адал және тәуелсіз судьялар корпусынсыз мүмкін еместігін атап өткен жөн. Сол себепті, судьялық әдеп кодексі судьяларға бірқатар шектеулер қояды. Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты сыйлықтарды, жеңілдіктерді, артықшылықтарды, өтеусіз көрсетілетін қызметтерді өзі де алмағаны және отбасы мүшелеріне де, процестік тәуелді адамдарға да алуға рұқсат бермегені жөн.
Қазіргі таңда, мемлекет басшысы судьялар корпусының алдында сот жүйесі беделін арттыру, сот органдарына халық сенімін нығайту мақсатын қойды. Сол себепті, судьялық әдеп кодексімен белгіленген талаптарды қатаң сақтап, Қазақстан Республикасының судьясы мәртебелі атағын абыроймен алып жүру маңызды.
Шакпакова Нургуль Искаковна
[1] "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 31 қаңтар 2017 жыл
[2] «Судьялық әдеп кодексі» Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде 2016 жылғы 21 қарашада қабылданған
[xfvalue_img]
22 пікір