Туған тіл – ата бабамыздың өсиеті
Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең сұлу, ең көркем, мәнді де мағыналы тіл – қазақ тілі екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, біздің көкейімізге ең алдымен Елбасымыздың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біз тегіміздің – Түркі, дініміздің – Ислам, тіліміздің – қазақ тілі екенін ешқашанда ұмытпауымыз керек!» деп ұрпаққа салмақты ұран тастаған өсиет сөзі оралады.
Тіл – асыл қазына, рухани мұра. Халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі күпінушілік, астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің өркендеп өсуіне, еркін қанат жаюына үлес қосу кез-келген қазақ азаматының міндеті.
Мемлекеттік тілге деген қажеттілік тәуелсіздігімізден бастау алып, заман талабына сай күннен күнге артып келеді. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативті-құқықтық кесімдер мен бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, еліміздің 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясынан бастап 1997 жылғы 11 шілдедегі «Тілдер туралы», Қазақстан Республикасының заңдарының қолданысқа енуін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өрісін кеңейту үшін жасалған қадамдар деп қабылдаған жөн.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі әлі де ресми тілдің ықпалында, ығында болса да, әйтеуір алға жылжуда. Ұзақ жылдар бойы орыс тілі өркениетке, жақсы тұрмысқа жету құралы болды. Орыс тілін жетік білетіндерді өзіміз алға оздырып отырдық. Бүгін, кімге болса да бірден қазақша сөйлеп кетпеді деген сыңайда өкпе артамыз. Жылдар бойы қалыптасқан адам санасын өзгерту оңай емес, кезінде орысша бір ауыз сөз білмеген қазақ орысшаны жетіскеннен үйреніп пе? Қажеттілік тудырылғаннан кейін, ұзақ саясат жүргізілгеннен кейін үйренді. Сол сияқты, қазақ тіліне деген сұраныс, қажеттілік, ешкім ештене жасамаса, өзінен өзі туа сала ма? Қазіргі Қазақстандағы басым болып тұрған орыс тілі өзінің қазақ тілінен табиғи артықшылығы арқасында басым болып тұрған жоқ. Ұзақ жылдар бойы арнайы жүргізіліп келген саясаттың жемісі екені белгілі. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оның шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналдыру үшін бізге де сондай тегеуірінді саясат керек. Тегеуірінді саясат заңмен қорғала отырып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңды негізге ала отырып жүргізілуі тиіс. Тіл мәселесі айғайлап ұрандатумен немесе ту ұстап, көшеге шығумен шешілмейді. Тіл – нәзік, табиғи нәрсе, ол ұтымды жолдармен, сауатты саясатпен шешілуі керек.
Біздің міндетіміз – елдіктің ерекше бір белгісі - мемлекеттік қазақ тілінің қоғамда лайықты беделін көтеру.
Қазақ елінің отаншыл азаматы ретінде сезінетін әр адам мемлекеттік тілге деген қажеттілікті қалыптастыруға титтей болса да өз үлесін қосу керек екен.
Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауаттылығы мен сапасын қамтамасыз етудегі алғышарттар туралы және іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізетін кадр дайындау мәселесі жөнінде сөз қозғаған кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тіліндей қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет» - деген сөздері еске түседі. Қазір ар мен намыстың, күмән мен үміттің болашаққа деген сенімнің айрықша баламасына айналған тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық және саяси мәселе болып отыр. Ол – елдің елдігіне, мемлекеттің мемлекеттігіне сын болатын, ұрпақ келешегі мен халық болашағының кепілі болатын аса киелі шаруа.
Қазір біздің “қоғамда мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейінің” немесе проблемалық аспектінің болуының бірден бір себебі – қазақстандық қоғамда қазақ тіліне деген сұраныс пен қажеттіліктің тиісті деңгейде болмауы, мемлекеттік тіл идеологиясының әлсіздігі деген жөн.
Елбасымыз “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дегенде, мемлекеттік тілдің дамуы, көп жағдайда, өз қандастарымыздың ұлттық намысы мен жігеріне байланыстылығын атап өтсе керек. Мемлекеттік қызметте жүрген қазақ азаматтары немқұрайдылық танытпай, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге белсенді атсалысуы тиіс. Алдағы уақытта, мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты талаптар күшейтілуі керек. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір арымыз да, нарымыз да” деген сөзі болашақ ұрпақтың тіліміздің құдірет-қуатын кемітпей, оның рухын биік ұстауға шақырады.
Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Әлі-ақ қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек. Бұл ретте, ең алдымен қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс.
Көздеген мақсат-жобаларымыз ойымыздан шығып, халқымыздың өз ана тіліне деген ынтасын арттыра білсек, жаппай қазақша ойлап, қазақша сөйлете білсек, бізде басқа не арман бар.
Соңында айтарым ұлт болашағы тағдырына аса мән беріп, шын ниетпен алаңдатып отырған адамдарға алғысымызды білдіргім келеді.
Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының бас маманы А.Қ.Әлиев
[xfvalue_img]
18 пікір