Сот пен бақ арасындағы диалогты жақсартқан дұрыс
Бүгінгі күні сот жұмысының жариялылығы мен ашықтығы қоғамымызда көз үйренген дағдылы көрініске айналды.
Бұған соңғы жылдары соттарда қаралатын дау-дамайларға бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы арқылы әділ төрелік жасалатындығы нақты дәлел бола алады. Мұғалжар аудандық сотындағы осы бағытта атқарылған көптеген шаралар республикалық және жергілікті деңгейдегі баспасөз басылымдарында жарияланып, судьяларымыздың сыбайлас жемқорлық сипатындағы істердің қаралу тәртібі мен медиация, гендерлік саясаттың маңызы және тағы да басқа құқықтық тақырыптар жөніндегі мақалалары және сотпен қаралған істер туралы ақпараттар жергілікті басылымда «қылмыс пен жаза» айдарында жарық көрді. Сол мәселелердің басым көпшілігі жергілікті және Республикалаық газет бетінде жарық көргенін айта кеткен ләзім.
Бұл материалдар өзінің мәні мен мазмұны жағынан Мемлекет басшысының судьялардың VІ съездерінде айтқан ойлары мен сот жүйесіне жүктеген міндеттерімен тығыз сабақтасып жатыр. Елбасымыздың: «Қоғамның беделі соттардың атқарған қызметіне қарап бағалана-ды», – деген пікірінде үлкен өмір шындығы жатқандығын жоққа шығара алмаймыз. Ол адам тағдырын таразылайтын әрбір судьяның әділ төрелік жасар кездегі өлшемі мен биік ұстанымына айналуы тиіс. Демократиялық қоғам құрудағы басты талаптың бірі – әділ сот төрелігі арқылы азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, олардың мүдделерін қорғау болып табылады. Алайда, тәжірибеде сот төрелігіне жүгінген екі тараптың да талап-тілегін қанағаттандыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Көп жағдайда әділдік іздеп келген екі тараптың бірі ұтылып, үлкен өкпемен кетсе, екіншісі сот төрелігіне ризашылығын білдіреді.
Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам мен сот жүйесі арасындағы диалогты жақсартуымыз қажет. Халық пен билік арасындағы алтын көпір десем артық болмас. Біздің міндетіміз бір. Ол – қоғамдық мүддені қорғау. Біз тек қоғамдық мүддені қорғау арқылы ғана өз миссиямызды жүзеге асыра аламыз. Тәуелсіз сот және БАҚ нағыз демократиялық мемлекеттің тірегі. Сондықтан, халықтың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді деген сенімдемін.
Мұғалжар аудандық сотының төрағасы С.З.Тасымбетов
[xfvalue_img]