Жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтардың құрбаны болғандардың 89-ы — зейнеткерлер
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 247 фактісі тіркелді. Келтірілген жалпы шығын 608 миллион теңгеден асты. Зардап шеккендердің 89-ы — зейнеткерлер, яғни іс жүзінде әрбір үшінші жәбірленуші.
Қарт адамдарды қорғау мақсатында полицейлер Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп профилактикалық акция өткізді. Олар зейнеткерлердің үйлеріне барып, кең таралған алаяқтық тәсілдері туралы айтып беріп, жадынамалар таратты.
Көбіне алаяқтар өздерін электрмен жабдықтау және коммуналдық ұйымдардың, «Қазақтелекомның», пошта қызметтерінің немесе емханалардың қызметкерлері ретінде таныстырып хабарласады. Шарттың мерзімін ұзарту, домофон кілттерін ауыстыру, сәлемдеме алу немесе медициналық тексеруден өту қажеттілігі — қоңырау шалуға себеп болатын сылтаулар әртүрлі болуы мүмкін.
Мұндай айла-тәсілдерге көбінесе аға буын өкілдері алданып жатады. Полицейлер ресми ұйымдардың қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайтынын және ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Күмән туындаған жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласуыңыз қажет.
Бір күннің ішінде полицейлер мен еріктілер Петропавл қаласында шамамен 1,5 мың адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жұмыс аудан орталықтарында да өткізілді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын егде жастағы туыстарына қазіргі алаяқтық схемалары туралы жиі айтып отыруға шақырады. Кейде осындай бір ғана әңгіме адамды қауіптен сақтап қалуы мүмкін.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
