«Жасөспірім» республикалық шарасы: полиция мен қоғам балалардың қауіпсіздігі үшін күш біріктірді
Сәуірдің 10-нан бастап Солтүстік Қазақстан облысының барлық полиция бөлімшелері «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында жұмыс істеуде. Шараның басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру.
Тәртіп сақшыларымен қатар бұл жұмысқа прокуратура қызметкерлері, білім беру мекемелерінің өкілдері және қоғам белсенділері де жұмылдырылған. Мұндай кешенді тәсіл балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Төрт күн ішінде 150-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Олар — ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігінен бастап, алкоголь және темекі өнімдерін сату, бұзақылық және жасөспірімдердің спирттік ішімдік ішу фактілеріне дейінгі түрлі жағдайларды қамтиды.
Полицейлер, әсіресе, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүруіне ерекше назар аударады.
Облыс орталығында «Жасөспірім» шарасы аясында сенбіге қараған түні қолайсыз отбасыларды анықтау және тексеру бойынша рейд ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары Айыртау, Тауфик Мұхаммед-Рахимов көшелері мен Рабочий кентіндегі тұрғын үйлерді аралап, мекенжайларды тексерді. Сонымен қатар көңіл көтеру орындары, аулалар мен көшелер де назардан тыс қалмады. Басты мақсат — қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету және құқықбұзушылықтың алдын алу.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Жасөспірім» шарасы тек тексеру мен бақылау ғана емес, сонымен қатар балалармен тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын қамтиды. Жасөспірімдер үшін құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы дәрістер, экскурсиялар және полицейлермен кездесулер ұйымдастырылады.
«Жасөспірім» жедел-алдын алу шарасы 6 мамырға дейін жалғасады.
Юрий Клыков
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]