СҚО-да отбасылық жанжалқойлар үшін полицейлер пенитенциарлық мекемеге экскурсия ұйымдастырды
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында бірнеше рет құқық бұзушылыққа жол берген ер адамдар тобы СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 48 орташа қауіпсіз мекемесіне таныстыру сипатындағы экскурсиясымен барды. Танымдық экскурсияны жергілікті полиция қызметі басқармасы ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясының қорытынды күнінде ұйымдастырды.
Мекеме қызметкерлері келуге мұқият дайындалды: бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған азаматтарға әкімшілік ғимарат, карантин, асхана, жазаларын өтеп жүргендердің жатын бөлмесі, өнеркәсіптік аймақ көрсетілді. Сондай-ақ қатаң бақылауда ұсталатын камералар да көрсетілді. Алғаш рет келген азаматтар пенитенциарлық мекемедегі қатаң тәртіп пен режимге таңданыспен қарады; өйткені бұл жерде темекі шегу үшін де арнайы уақыт беріледі.
Экскурсияға облыстық және қалалық жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері мен отбасыларында жанжал шығарған 11 азамат, оларды әкелген учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, аталған экскурсия Қызылжар ауданының үш тұрғыны мен сегіз петропавлдық үшін сабақ болып, өмір бойы естерінде қалмақ. Бұған дейін олардың ешқайсысы мұндай мекемелерде қылмыстық жазасын өтемеген.
Акция барысында тұрғылықты жері бойынша тұрмыста қылмыс жасауға бейім 1500-ден астам адам және тұрмысы қолайсыз 300 отбасы тексерілді. 135 қорғау ұйғарымы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 41 ерекше талап қойылды.
Юрий Клыков
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]