Жамбылдық полицейлер браконьерлерден 100 келіге жуық ауланған балық тәркіледі
Жамбыл облысының аумағында балықтың уылдырық шашу кезеңінде браконьерлік деректерін болдырмау және жолын кесуге, сондай-ақ балық пен балық ресурстарын заңсыз аулауға, тасымалдауға және сатуға байланысты құқық бұзушылықтар мен экологиялық қылмыстардың алдын алуға және анықтауға бағытталған "Уылдырық" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Жедел- алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері "Қосқұдық" орман шаруашылығы мамандарымен бірлесіп, Тасөткел су қоймасында браконьерлік деректерін анықтады.
Бұл ретте электр тогының көмегімен балықты заңсыз аулағаны үшін Шу ауданының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің қайығынан шамамен 100 келіге жуық ауланған балық табылып, тәркіленді.
- Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 335-бабы 3-бөлігі "Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, - деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзiмге айыра отырып, алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар "Уылдырық" жедел- алдын алу шарасы барысында балық аулау және балық ресурстарын қорғау ережелерін бұзудың 27 дерегі анықталды.
[xfvalue_img]
8 пікір