Басты міндетіміз – азаматтарымыздың  құқықтары мен  бостандықтарын қорғау

Басты міндетіміз – азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау

 

Қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық.

Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік-құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Соның бір дәлелі қазіргі уақытта еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, бүгінгі таңда қолданыстағы заң – «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады» – дей келе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын.

Осы ретте, ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі керек кезінде қабылданған заңнама деп білемін. Жаңа кодекс Президенттің Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өткен жөн.

         Жалпы, ӘРПК мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің, соның ішінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау сапасын арттырады деп айтуға болады.

ӘРПК қабылдауының басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін енгізу және олардың жұмыс істеуі, сонымен қатар қоғамдық-құқықтық дауларды қарау, сондай-ақ  азаматтарға шешімдер қабылдауға нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді белгілеу.                Яғни аталмыш кодекс аясында азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беріледі. Егер азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік органдардың шешімдерімен келіспесе, олар жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарға шағымдана алады.

Осы ретте, ӘРПК-де соттың белсенді рөлі қағидаты енгізілді, онда сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды (егер олар жеткіліксіз болса), судья азаматқа талап қою талаптарын тұжырымдауда жәрдем көрсетеді, талап қоюларды қайтару үшін формальды негіздер алып тасталады.

ӘРПК мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. ӘРПК құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі – әкімшілік рәсімдік бөлігі, екіншісі – сот ісін жүргізу бөлігі. Әкімшілік рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.

ӘРПК қолданысқа енгізілген уақыттан бастап қолданыстағы екі заң күшін жойды. Оның бірі – Әкімшілік рәсімдер туралы заң болса, екіншісі – Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң.  

ӘРПК-де билік пен халық арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары белгіленген. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңнан айырмашылығы, жаңа кодексте дауларды әкімшілік әділет тәртібімен шешу регламенттеледі, яғни өтініштерді әкімшілік органның немесе лауазымды адамның ғана емес, жоғары тұрған әкімшілік органдарға шағым жасау рәсімі де, сондай-ақ шағымдарды мемлекеттік соттардың кейіннен қарауы (әкімшілік сот ісін жүргізу) көзделген.

ӘРПК маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр.                             Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.

Қолданыстағы жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептер мен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген. Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.

         Соттың әкімшілік процеске қатысушылардың арыздарымен, олар ұсынған дәлелдермен, өзге де материалдарымен шектеліп қалмайтындығы заңда көрсетілген. Нақтылай айтар болсақ, соттың мән-жайды жан-жақты зерттеуге құқығы болады. Сонымен қатар, осы заң бойынша судьяға жаңа өкілеттіктер беріледі. Атап айтсақ, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Алдыңғы заңда мұндай құқық судьяға берілген жоқ. Бұл – жаңа заңның тағы бір ерекшелігі. Мәселен, әкімшілік процестегі судья – белсенді, іске қатысты өз пікірін айта алады, қосымша деректер сұратып, қажетті анықтамаларға сұраныс жасауға құқылы. Осы арқылы судья төрелікке жүгініп отырған қос тараптың мәселесіне сырт қарамай, әділдіктің салтанат құруына белсене араласып, жол көрсетіп, орын алған кемшіліктерді жоюға, тура төреліктің шығуына, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілгендей азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына ықпал етеді.

ӘРПК басты артықшылығы мен ерекшелігі – жария-құқықтық дауларды оңтайлы реттеуімен байланысты. Заңнамада мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар арасындағы дауды шешудегі теңсіздікті жоюдың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Айталық азаматтар құқықтық тұрғыдан жан-жақты сауатты емес. Олардың өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қызметтің қателігін көрсетуіне сауатының таяздығы, өзіне деген сенімінің төмендігі аз кедергі келтірмейді. Соған орай енді тараптарға заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндіріледі. Сонымен қатар, жаңа заңдағы тетіктер халықтың өзіне деген сенімін де нығайтады деген ойдамыз. Өйткені, кодексте азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндіктерін жеңілдетуге, құқықтық тұрғыдан қорғану тетіктерін кеңейтуге, қарапайым халықтың мемлекеттік органдар алдындағы әлеуетін көтеруге барынша жағдай жасалған.

Сонымен қатар, егер азамат мемлекеттік органның шешімімен келіспейтін болса, олар осы сотқа жүгіне алады. Сәйкесінше мемлекеттік орган бұл кезде сот барысында өз шешімінің, яғни әрекетінің заңдылығын дәлелдей алуы керек. Ал соттың мемлекеттік органдар келтірген дәлелдемелерден бөлек қосымша ақпараттар сұратып, тағы да дәлелдер жинауға құқығы бар. Демек, бұған дейін судья өзінің алдындағы дәлелдер мен іске қатысты материалдарға ғана сүйенген болса, енді әділ шешім үшін жеке зерттеу жүргізіп, бұрынғыдан белсенді бола алады. Жаңадан құрылған әкімшілік сот шешімдерінің жүзеге асырылуын қатаң бақылайды. Мысалы, жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген.

Айта кететін жайт, бұл - жаңа институт емес. Бізге дейін бұл жүйе әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде дамыған Еуропа мемлекеттерінде қолданылып келді.

Жалпы ӘРПК миссиясы – қарапайым адамдар мен бизнесті мемлекеттік құрылымның әрекетсіздігі мен құқығын артық пайдаланудан қорғау болып табылады. 

Марат Шынғалиев

БҚО, Бөкей ордасы аудандық сотының судьясы                                          

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив