Сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері
Қазақстан Республикасы Конституциясының үшінші бабында бекітілгендей мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.
Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Яғни азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер сайлауға, республикалық референдумға қатысу арқылы өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырады. Осыған орай, азаматтардың жоғарыда көрсетілген құқықтарының қорғалуы әрбір демократиялық қоғам үшін маңызға ие болып табылады.
Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын сот арқылы қорғау мүмкіндігі елімізде қамтамасыз етілген.
Атап айтқанда, сайлау құқықтарын қорғау бойынша дауларды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 25 – тарауында көзделген.
Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылады деп есептейтін азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың кеңесші дауыс беру құқығы бар өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 16-тарауында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген соттылық бойынша сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Сонымен қатар, егер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою – бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуға тиіс.
Ал сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою келіп түскен күні қаралуға тиіс.
Талап қою негізді деп танылған соттың шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
Бірінші сатыдағы соттың шешіміне, егер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
Бұдан бөлек, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша шығарылған соттың шешімі ол жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шешімінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде шешімге кассациялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
Сондай-ақ, егер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, кассациялық шағым, прокурордың наразылығы – сотқа келіп түскен күнінен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендері дереу қаралады.
Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
Яғни байқап отырғанымыздай сайлау құқықтарын қорғау туралы даулар бойынша қысқартылған мерзімдер көзделген. Бұл өз кезегінде осы құқықтарды тиімді әрі уақтылы сот арқылы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
Баяндалғандарды қорытындылай келе, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өздерінің сайлау құқықтарын жүзеге асыру кезінде олардың қорғалуын қамтамасыз ету қоғам мен мемлекетіміз үшін аса маңызға ие екендігін тұжырымдауға болады.
Даурен Төреқұлов
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
[xfvalue_img]
33 пікір