Істі қараудың «ақылға сыйымды мерзімі»
Әкімшілік әділетті енгізу құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадамның бірі. Сонымен қатар бұл азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғаудың кепілі болып табылады. Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі бірігіп дайындаған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске мемлекет басшысымен қол қойылып, қоғамда қызу пікірталас тудырған заңнама келесі жылы шілде айында қолданысқа енгізілмек.
Құжатты қабылдаудың кезек күттірмейтін шара екені 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында да, кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында да көрсетілді. Соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті мемлекет» тұжырмдамалары, әдіс сот төрелігі, соттардың мамандандырылуы секілді негізгі бағыттар айқындалып, қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналу керектігі айтылған болатын.
Бұл кодекс жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін мұндай даулар Азаматтық процестік кодекс аясында шешімін тауып келді. Соған сай жеке адам мен мемлекеттік орган арасындағы жария-құқықтық дау жалпы юрисдикция соттарының құзырында болса, заңды тұлғалар мен мемлекеттік орган арасындағы дау мамандандырылған экономикалық соттарда қаралды.
Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бүгінге дейін бір жүйеге түспеген осындай олқылықтарды шешуге бағытталған. Бұл заң құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама.
Құқықтық салаға үлкен бетбұрыс жасаған бұл құжаттың жаңашылдықтары аз емес. Соның ішінде осы кодексте соттың істерді қарауға кететін ақылға қонымды мерзімі белгіленіп отыр.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімдерінің институты Ресейде, Германияда, Латвияда және Еуропаның басқа да елдерінде бұрыннан сәтті қолданылуда. Айталық Германияда әкімшілік істер бойынша ақылға қонымды мерзімді судьяның өзі белгілейді. Негізі әкімшілік іс бойынша сот актісін дайындауға заң бойынша он бес күн берілген. Мерзімді ұзарту істің күрделілігіне, құжаттарды алдырудың қиындығына байланысты өзгереді. Осындай тетіктің арқасында Германиядағы істер өте сапалы, жоғары ыждағаттылықпен қаралып, олардың шешіміне шағым түсе бермейді.
Ал бізде қалай? Сот ісін дамытуда халықаралық талаптарды барынша ескеретін қазақстандық соттың өркениет көшіне ілесу үшін бұл жаңашылдықтан қалмайтыны түсінікті.
Кодекстің 17 бабында жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады. Ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, әкімшілік процеске қатысушылардың процестік құқықтарды пайдалану және процестік міндеттерді орындау дәрежесінен көрінетін мінез-құлқы, соттың әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі сияқты мән-жайлар ескеріледі деп көрсетілген.
Осы жерде ерекше назар аударатын тетік – әкімшілік істерді қараудағы ақылға қонымды мерзімнің қысқаруына қатысты туындап отыр. Соған сәйкес енді әкімшілік істерді қарау «алты айдан ұзақ емес» мерзімде дегеннен ақылға қонымды мерзімге ауысты. Бірақ ол «арыз түскен уақыттан бастап есептегенде үш айдан артық мерзімге созылмауы керек». Дегенмен, аса маңызды істерде бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Алайда ол үшін судья істі қарау мерзімінің не себепті ұзартылғанын дәйектеп ұйғарым шығаруы тиіс. Бірақ оның да мерзімі шектеулі – үш айдан артық созуға жол берілмейді.
Кодекс тек әкімшілік сот ісін жүргізуде емес сонымен қатар әкімшілік рәсімдер кезінде де ақылға қонымды мерзім түсінігін қолданады. Мысалы, кодекстің 64 бабының 6 бөлігінде жолданым осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді делінген.
Шындығында ақылған қонымды мерзім ұлттық заңнамамызда бұрын да болған. Мәселен, бұл тетік Азаматтық кодекстің міндеттемелік қатынастарда, соның ішінде атап айтсақ, 364 бапта- ақылға қонымды шаралар, 277,314 баптарда-ақылға қонымды мерзім, 356 бапта- ақылға қонымды баға түсініктері кездеседі.
Қылмыстық процесте, Қазақстан ратификациялған халықаралық актілерге де ақылға қонымды мерзім түсінігі тән.
Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің әкімшілік әділет туралы заңнамаларына үнілсек, атап айтқанда Ресей Федерациясының Әкімшілік сот ісін жүргізу кодексінде ақылға сыймдылық механизмінің іске асыруында талқылауды тездету сот төрағасының жеке бастамасы немесе тараптардың арызы бойынша жүргізілетіні жөнінде ереже бар. Қазақстандық кодексте бұл норма көзделмеген, бұл өз кезегінде сот төрағасының және өзге қатысушылардың сот төрелігін жүзеге асыруға араласуының алдын алуның жолы деп білемін.
Жалпы алғанда, кодекске енгізілген «ақылға қонымды мерзім» ұғымы Конституцияда кепілдік берілген азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау талабымен үндес. Себебі сот қорғауына құқықты қамтамасыз ету үшін сот талқылауы мерзімін айқындау аса маңызды. Бұл жерде істі қарау мерзіміне емес, сапаға басымдық берген орынды. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай шекті мерзімнің бекітілуі сот ісінде аз кедергі тудырмайды. Шынын айтқана судьялар іс қараудағы шекті мерзімді бұзғысы келмейді. Оның соңы істі асығыс, үстірт қарауға алып келуі мүмкін. Мұның соңы азаматтардың заңды мүдделерінің бұзылуына ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені өркениетті түрде шешу үшін бір жағынан сот, екінші жағынан сотқа өз құқытары мен заңды мүдделерін қорға мақсатында арыз берген тараптың мүдделерінің тепе-теңдігін сақтай отырып Кодексте ақылға қонымды мерзім ретінде 6 ай шекті мерзімінің берілуі дұрыс шешім. Бұл қисынды мерзімді тек 6 ай деп ұғынбай, оны әрбір нақты жағдайды судьяның өз жеке пайымдауымен қараудың қисынды мерзімі деп түсіну керек.
Шынар Шайдиева
Орал қаласының №2 сотының судьясы
[xfvalue_img]
17 пікір