"Қоңырауды күтуде". Донорлық жүрек трансплантациядан өткен пациенттің тарихы
Донорлық жүрек трансплантациясы кейде жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауыр ауруларын емдеудің жалғыз жолы болып табылады. Алайда, мұндай күрделі операциялар қайтыс болғаннан кейінгі донордан және оның жақын туыстарының келісімін алған кезде ғана жүзеге асырылады. Тіндердің үйлесімділігі, қан топтары және басқа медициналық факторлар мен көрсеткіштер де ескеріледі.
UMC Жүрек Орталығының пациенті Индира Смағұлова өзінің толыққанды және салауатты өмір сүру мүмкіндігін ұзақ күтті. Көптен күткен қоңырау 2022 жылдың 13 қаңтарында таңертең клиника дәрігері донордан жүрек трансплантациясының мүмкіндігі туралы хабарлаған кезде соғылды. Индираның тарихы 2012 жылы кеңейтілген кардиомиопатия диагнозы қойылғанда басталды. Бұл ауруда жүрек қуыстары мен өлшемдері ұлғаяды, ол өз кезегінде жүрек жеткіліксіздігінің дамуына және ағзаның қанды тиімді айдай алмауына әкелді.
2018 жылы UMC Басқарма Төрағасы, кардиохирург Юрий Пя бастаған клиника тобы пациентке Jarvik механикалық сорғысын сәтті имплантациялады. Бұл толық имплантацияланатын жүректі қолдау жүйесі пациенттердің өмір сүру сапасын ұзарту және жақсарту үшін жасалады және көбінесе «трансплантацияға көпір» болып табылады. Jarvik технологиясы LVAD құрылғыларының екінші буыны болып, ұзақ мерзімді пайдалануда жоғары сапаны көрсетті. Құрылғыны имплантациялау пациенттің жағдайын жақсартуға көмектесті және келесі бірнеше жыл ішінде Индира өзін қанағаттанарлық сезінді және жүрек трансплантациясын күту тізімінде болды.
«Денсаулық жағдайына байланысты мен Астанаға көшіп келдім, донорлық жүректі күтіп, механикалық құрылғымен 4 жыл тұрдым. Клиникадан қоңырау түскен кезде мен жаңа өмірге мүмкіндік бар екенін бірден білдім. Клиника тобы операцияны сәтті жүргізіп, қалпына келтіруге көмектесті. UMC Жүрек Орталығының барлық ұжымына, кардиология, кардиохирургия бөлімшелерге, барлық дәрігерлерге үлкен алғысымды білдіремін», - деп бөлісті пациент.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, ол жоспарлы тексерулерге қатысып, қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдауды жалғастыруда. Тұрақты жұмысы бар Индира күн сайын донор мен оның туыстары өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, отбасымен, балаларымен және немерелерімен бақытты өмір сүреді.
Осы уақытқа дейін UMC Жүрек Орталығының командасы 98 жүрек трансплантациясын жасады. Оның ішінде 2 операция клиника мамандарының қатысуымен алғаш рет Шымкент қаласында және 1 операция Алматы қаласында жүргізілді. Статистикаға сәйкес, елде орган трансплантациясын күту тізімінде 4000 пациент бар, оның 140-ы жүрек трансплантациясын қажет етеді.
University Medical Center баспасөз қызметі
[xfvalue_img]