Әкімшілік әділет жүйесін жетілдіруге қадам жасалды
2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік процестік кодексі қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі азаматтардың құқығын сапалы қорғап, заң үстемдігін сақтаудың кепілі болмақ.
Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Әкімшілік рәсім дегеніміз әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Әкімшілік сотісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерін, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Әкімшілік рәсімде құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін тең дәрежеде танылады.
Әкімшілік істерді бірінші сатыдағы сотта соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды және шешеді.
Талап қоюшы, жауапкер, мүдделді тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатынасушылар болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде өкілдік ету Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Кодекстің 4-бөлімінде әкімшілік сот ісін жүргізу қағидалары көзделген.
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестерілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған аудандық дәне теңестірілген әкімшілік сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді аудандық (қалалық) сот осы кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.
Мыналар сотқа берілетін талап қоюлар болып табылады:
- дау айту туралы талап қою;
- мәжбүрлеу туралы талап қою;
- әрекет жасау туралы талап қою;
- тану туралы талап қою.
Ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қоя беруге құқылы.
Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін.
Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қапыс қалуды талап етуі мүмкін.
Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.
Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Тану туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.
Іс талап қоюды беру арқылы іс жүргізуге қабылданады. Судья осы кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, ақылға қонымды мерзімде алдын ала тыңдау жүргізеді.
Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қортындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер оған сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
Сот талқылауы, сот отырысын өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып, соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
Шешімді шығару күні болып ауызша іс жүргізу үшін әкімшілік іс бойынша шешім жарияланған күні, жазбаша іс жүргізу үшін соттың шешімінде көрсетілген күні табылады.
Заңды күшіне енбеген соттың шешімдеріне әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық шағым беру арқылы апеллияциялық тәртіппен түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде шағым жасауы мүмкін.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Жаңа кодекс әкімшілік әділет институтының жаңа қарқында жұмыс жасауына жол ашады деп күтілуде.
Теректі ауданының №2 аудандық
сотының төраға м.а. Ниязғалиев Ибрагим Қабылұлы
[xfvalue_img]