Тәрбиелі ұрпақ тағылымды отбасынан шығады

Тәрбиелі ұрпақ тағылымды отбасынан шығады

Отбасылық құндылықтардың әлсіреп, ұрпақтар сабақтастығының үзіліп бара жатқаны бәрімізді алаңдатады. Жанұялық жарасымның бұзылуы қоғамда ажырасу деректерін көбейтіп, тастанды, жетім балалар санының еселеп артуына түрткі болуда. Статистика бойынша соңғы жылдары некелескен әрбір үшінші жұп ажырасып кететіні белгілі болып отыр. Яғни әрбір үшінші жұптың арасындағы балалар амалсыз тағдыр тауқыметін тартуға мәжбүр. Мұның соңы соттардағы дау-жанжалдардың көбеюіне түрткі болады. Өйткені ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжің тек ортақ некені сот арқылы бұзумен шектелмейді. Ажырасу мүлікті бөлу, балалардың кіммен қалатынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу, балаларға алимент өндіру секілді сот процестеріне ұласады. Ал амалсыз осындай даудың ортасында қалған ұрпақ тағдыры өкінішке орай ажырасуға тас-түйін бекіген ерлі-зайыпталарды ойлантпай отыр.

Бірақ отбасы құндылықтарының төмендеуіне қоғам көз жұмып қарай алмайды. Себебі, «Отан отбасынан басталады». Отбасында жылылық болмаса, тыныштық орнамаса, елдегі іргелі істер алға жылжиды деп айту қиын. Шыны керек, ажырасудың соңы толық емес отбасылар санын көбейтуге әсер етуде. Ал әке мен ананың мейірімін тең көріп өспеген, тәрбиесінде ақтаңдақ бар баланың көп қателік жіберетінін өмір көрсетіп отыр. Осы олқылықты түзеп, шаңырақтарды сақтап қалу мақсатында Жоғарғы Соттың бастамасымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының қолға алынғаны белгілі. Жоба барысында әр өңірде кешенді жұмыстар атқарылды. Жалпы бірге өмір сүрмеуге бекінген азаматтарды дәл сот алдында райынан қайтарып, татуластырып, табыстырып жіберу оңай шаруа емес. Дегенмен сот тарапынан ерлі-зайыптыларды жарастыру үшін қолдан келген іс-шараның бәрі жасалады. Арызданушыларға ойлануға, табысуға уақыт беріледі. Психолог, медиаторлар өз көмегін ұсынады. Әрине, мұндай маңызды іс үшін бұл атқарылған жұмыстар да жеткіліксіз. Сондықтан Орал қаласында отбасы құндылықтарын сақтау, ерлі-зайыптыларға дұрыс жол көрсету ісіне өзге де құзырлы орындар тартылуда.

Мәселен осындай ортақ келісімнің нәтижесінде Орал қалалық азаматтың хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімі некеге отыруға және ажырасуға ниет білдіргендерден өтініш қабылдап қоймай, кеңес беруді де тұрақты назарында ұстап отыр. Мамандар отбасын құруға ниет білдіргендерге некенің маңызын, жауаптылығын ұғындырса, ажырасуға арыз жазғандарды ашуды жеңіп, ақылмен шешім қабылдауға үндеп жүр. Сонымен бірге, Орал қалалық АХАТ бөлімі өтініш тапсырған жұптардың тізімін жасап, арнайы сөйлесіп, тренингке шақырады. Шара барысында Орал қалалық ішкі саясат бөлімі некеге отыруға және ажырасуға ниет білдіргендерге психолог,  медицина қызметкерлері,  ақсақалдар кеңесі, АХАТ бөлімі қызметкері, Батыс Қазақстан облысы «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі, сот және медиаторларды тарта отырып,  психологиялық және консультативтік көмек көрсетуде. Бұл игілікті іс мұнымен шектеліп қалмайды. Бұдан бөлек, отбасыларға некеге тұрғаннан кейін де аталған орталыққа келіп, болашақта туындаған мәселелер бойынша кеңес алуға бар жағдай жасалған. Әсіресе жас отбасыларды қолдау, кеңес беру жұмысы үш жыл уақытқа жоспарланғаны қуантады.

Орал қалалық әкімдігі де салауатты істен сырт қалмаған. Батыс Қазақстан облысы «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі жыл бойы отбасылық дәстүрді, жанұялық бірлікті насихаттап семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда. Тіпті биылғы пандемия кезінде де мұндай шаралар онлайн форматта үздіксіз өтті.   Оған отбасы мәселелеріне қатысты зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар, отбасылық дауларды қарайтын судьялар, психологтар мен педагогтар қатысып, өз ой-пікірімен, бай тәжірибесімен бөлісті. Биылғы жылдың өзінде «жас отбасылар мектебі» жобасының шеңберінде 85 кеңес берілген екен. Мұның барлығы өңірде отбасылық мәселелердің алдын алуға сот саласынан бөлек, барлық құзырлы орындардың белсенді атсалысып жатқанын дәлелдейді. Мамандар кеңесін ұсыну ісі Орал қалалық №2 сотында да үзбей жүргізіліп келеді. Жалпы ажырасудың алдын алатын, ерлі-зайыптылардың бірлігін нығайтатын, балалардың толық отбасында өсуіне ықпалын тигізетін кез келген бастаманы қолға алу, пайдалану маңызды. Соның ішінде қолданысқа енгізілгеніне аз уақыт болса да Жоғарғы Соттың «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы өзін-өзі тәжірибе барысында толық ақтады деп ойлаймын. 

Марина Сахипова

Орал қаласының №2 сотының судьясы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 2

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.