Сот отырысында өзін қалай дұрыс ұстау керек?
Сот процесіне қатысушыларға арналған маңызды кеңестер
Сот – заңдылық пен әділдік қағидаттары жүзеге асырылатын мемлекеттік орган. Сот отырысы кезінде әрбір қатысушының өзін дұрыс ұстауы, белгіленген тәртіпті сақтауы және сотқа құрметпен қарауы маңызды. Сот процесінің мәдениеті тек судья мен сот қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар іске қатысушыларға, олардың өкілдеріне және сот отырысына қатысып отырған азаматтарға да байланысты.
Сот отырысында өзін дұрыс ұстау – заң талаптарын орындаудың ғана емес, адамның құқықтық мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші.
- Сот отырысына алдын ала дайындалу
Сот отырысына шақырту алған азамат белгіленген уақыттан кешікпей келуге тырысуы қажет. Сот ғимаратына алдын ала келіп, қажетті құжаттарды дайындап, сот отырысы өтетін залды анықтап алған жөн.
Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты, сотқа қатысты қажетті материалдарды және өзге де маңызды құжаттарды алып жүру ұсынылады.
Сотқа келу кезінде сыртқы келбетке де назар аударған дұрыс. Киім үлгісі жинақы, ұқыпты және ресми ортаға сай болуы тиіс.
- Сот ғимаратында және сот залында тәртіп сақтау
Сот ғимаратына кірген сәттен бастап қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Сот қызметкерлерінің және сот приставының заңды талаптарын орындау – әрбір келушінің міндеті.
Сот отырысы залына кірген кезде:
• Ұялы телефонды дыбыссыз режимге қою;
• Артық әңгіме мен дауысты шудан аулақ болу;
• Басқа адамдардың сот процесіне кедергі келтірмеу;
• Сот отырысы басталғанға дейін белгіленген орында отыру;
• Сот қызметкерлерінің нұсқауларын орындау қажет.
Судья сот залына кірген кезде қатысып отырған азаматтар орындарынан тұрады. Бұл – сотқа деген құрметтің қалыптасқан белгісі.
- Судьяға және сот процесіне қатысушыларға құрмет көрсету
Сот отырысы барысында судьяға «Құрметті сот» деп жүгіну қажет. Сұрақтарға жауап бергенде, түсініктеме немесе айғақ бергенде әдептілік сақтап, нақты әрі түсінікті сөйлеу маңызды.
Қарсы тараптың пікірімен келіспеген жағдайда дауыс көтеруге, дөрекі сөздер айтуға немесе жеке басына тіл тигізуге жол берілмейді.
Әрбір қатысушы өз пікірін заң шеңберінде, дәлелдерге сүйене отырып білдіруі керек. Сот процесінде эмоцияға берілмей, сабырлылық таныту істің объективті қаралуына ықпал етеді.
- Сөз сөйлеу және сұрақтарға жауап беру мәдениеті
Сот отырысында сөз сөйлеу кезінде төрағалық етушінің рұқсатын күту қажет. Басқа қатысушылардың сөзін бөлуге, рұқсатсыз сөйлеуге немесе сот отырысының барысына кедергі келтіруге болмайды.
Судьяның сұрақтарына қысқа, нақты және шынайы жауап берген дұрыс. Егер сұрақ түсініксіз болса, оны қайталап немесе нақтылап беруді сұрауға болады.
Өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында өтінішхаттар мен қарсылықтарды заңда белгіленген тәртіппен білдіруге болады.
Ең бастысы – өз ұстанымын дәлелдермен негіздеу және сот талқылауының белгіленген тәртібін сақтау.
- Ұялы телефондар мен техникалық құралдарды пайдалану
Сот отырысы кезінде ұялы телефонның шырылдауы немесе сөйлесу арқылы шу шығару басқа қатысушылардың назарын бөлуі мүмкін.
Сондықтан сот залына кірген кезде телефонды дыбыссыз режимге қойған жөн.
Фото және бейнетүсірілім жасау, аудиожазба жүргізу сияқты әрекеттер заңнамада көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай әрекеттерді өз бетінше жасауға немесе сот отырысының белгіленген тәртібін бұзуға болмайды.
- Сот шешіміне құрметпен қарау
Сот отырысының қорытындысы бойынша қабылданған сот актісін тыңдау кезінде сабырлылық сақтау қажет.
Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, заңнамада көзделген тәртіппен шағымдану құқығы бар. Алайда сот шешіміне наразылық білдіру сот залында тәртіп бұзуға немесе судьяға құрметсіздік көрсетуге негіз бола алмайды.
Әрбір азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін біліп, заңды тәсілдер арқылы әрекет етуі тиіс.
- Сот отырысындағы тәртіпті бұзудың салдары
Сот отырысындағы тәртіпті сақтау – барлық қатысушылар үшін міндетті талап.
Сот процесіне қатысушылар мен сот залында отырған азаматтар төрағалық етушінің тәртіпті сақтау жөніндегі заңды өкімдеріне бағынуға міндетті.
Белгіленген тәртіпті бұзу сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтіреді. Мұндай жағдайларда заңнамада көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.
Сондықтан сот залында өзін әдепті ұстау, өзгелердің құқықтарын құрметтеу және сот қызметіне кедергі келтірмеу әрбір азаматтың жауапкершілігі болып табылады.
Сот отырысында өзін дұрыс ұстау – құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі. Сотқа келген әрбір азамат заң талаптарын сақтап, судьяға, сот қызметкерлеріне және процеске қатысушыларға құрмет көрсетуі қажет.
Сот залындағы тәртіп пен өзара сыйластық сот төрелігінің сапалы жүзеге асуына ықпал етеді. Әрбір азамат сот процесіне жауапкершілікпен қарап, өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс.
Сотқа құрмет көрсету – заңға құрмет көрсетудің белгісі!
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының сот приставы А.А.Битимбаев
[xfvalue_img]
