Сот отырыстарында аудио-, бейнежазбаны қолдану: процессуалдық кепілдіктер мен практикалық мәселелер
Қазіргі таңда сот жүйесін цифрландыру және сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында аудио-, бейнежазба жүйесін қолданудың маңызы артып келеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 347-1-бабына сәйкес, сот отырысының барысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады. Аталған норма сот процесінің барысын толық әрі объективті тіркеуге, сондай-ақ процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Аудио-, бейнежазба сот отырысында айтылған мәлімдемелерді, өтінішхаттарды, тараптардың түсініктемелері мен соттың процессуалдық әрекеттерін нақты сақтауға мүмкіндік береді. ҚПК-нің 347-бабында басты сот талқылауының хаттамасын жүргізу тәртібі белгіленсе, 347-1-бапта аудио-, бейнежазбаны қолданудың ерекшеліктері көзделген.
Сонымен қатар, ҚПК-нің 347-1-бабына сәйкес, техникалық ақауларға, жабдықтардың болмауына немесе өзге де техникалық себептерге байланысты аудио-, бейнежазбаны жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, сот отырысының хатшысы бұл туралы сотқа баяндап, хаттамада жазбаның пайдаланылмау себептерін міндетті түрде көрсетуге тиіс. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасының толықтығы мен сапасын тексеру төрағалық етушіге жүктелген. Бұдан бөлек, аталған бапта іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін алу құқығы көзделген. Ал ҚПК-нің 348 және 348-1-баптары сот отырысының хаттамасына, аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулер беру тәртібін реттейді. Дегенмен, тәжірибеде техникалық ақаулар, дыбыстың анық жазылмауы, бейнежазбаның үзілуі және жазбаны сақтау кезіндегі қиындықтар сияқты мәселелер кездеседі. Сондықтан сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба жабдықтарының техникалық жарамдылығын алдын ала тексеріп, жазбаның сапалы жүргізілуі мен сақталуына ерекше назар аударуы қажет. Қорытындылай келе, аудио-, бейнежазба жүйесін заң талаптарына сәйкес әрі тиімді пайдалану сот төрелігінің ашықтығын, заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етудің маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының аға сот приставы Қазыбеков А.С.
[xfvalue_img]
