Тіл – ұлттың жаны, халықтың қазынасы
Тіл – әр халықтың рухани байлығы, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Адам баласы дүниені ана тілі арқылы танып, алғашқы сөзін айтып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Сондықтан тілге құрмет көрсету – туған елге, ата-баба аманатына құрмет көрсету деген сөз.
Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы. Оның әрбір сөзінде ұлттың дүниетанымы, салт-дәстүрі мен өмірлік тәжірибесі сақталған. Мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жыр-дастандар – ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін танытатын баға жетпес қазына. Ұлы Абайдың өлеңдері мен Мұхтар Әуезовтің шығармалары да қазақ тілінің терең мүмкіндігін көрсетеді.
Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір. Бала отбасында ана тілінде сөйлеп, мектепте білім алып, әдеби шығармаларды оқыған сайын өз халқының болмысын тереңірек түсінеді. Ана тілін жақсы меңгерген жас өз ойын еркін жеткізіп, пікірін дәлелдеп, қоғам өміріне белсенді араласа алады.
Бүгінгі жаһандану заманында бірнеше тіл білу – үлкен артықшылық. Өзге тілдерді үйрену адамның білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Дегенмен көп тіл білу ана тілін ұмытумен өлшенбеуі тиіс. Керісінше, өз тілін қадірлеген адам өзге халықтардың тілі мен мәдениетіне де құрметпен қарайды.
Қазақ тілінің дамуы әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізге байланысты. Үйде, мектепте, қоғамдық ортада қазақша сауатты сөйлеу, кітап оқу, дұрыс жазу және тіл тазалығын сақтау – маңызды міндет. Әсіресе ұстаздар мен ата-аналардың үлгісі жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Баланың тіл байлығын арттыру үшін көркем әдебиет оқуға, мәнерлеп сөйлеуге және өз ойын жүйелі жеткізуге баулу қажет.
Тіліміздің болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Әр адам ана тілін құрметтеп, оны өмірде кеңінен қолданса, қазақ тілінің мәртебесі де нығая түседі. Тілді сақтау – өткенді қастерлеу ғана емес, келешекке сенімді қадам жасау.
Қорытындылай айтқанда, тіл – ұлттың жаны, елдіктің белгісі, тәуелсіздіктің тірегі. Ана тілімізді ардақтап, байлығын келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ парыз. Тілі мықты елдің рухы биік, болашағы жарқын болмақ.
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының бас маман сот отырысының хатшысы Г.Әжібаева
[xfvalue_img]
