Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі
Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің дамуы мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі. Қоғамда бейбітшілік пен келісімнің сақталуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы заң талаптарын сақтау және әр адамның өз міндетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.
Заң – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды реттейтін негізгі құрал. Ол азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындап қана қоймай, әділдік пен теңдіктің сақталуына негіз болады. Заң талаптарын құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі заңға бағыну арқылы біз өз құқығымызды қорғап қана қоймай, өзге адамдардың да құқықтары мен бостандықтарына құрмет көрсетеміз.
Тәртіп – заңдылықтың күнделікті өмірде жүзеге асуының көрінісі. Қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, жол қозғалысы ережелерін сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, өз міндеттерін адал орындау – тәртіпті қоғамның негізгі белгілері. Осындай қарапайым қағидаларды сақтау арқылы әр адам қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа өз үлесін қоса алады.
Қазіргі таңда заң мен тәртіпті нығайту мәселесі ерекше маңызға ие. Құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында заңға құрмет сезімін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы жауапкершілігі жоғары, отаншыл әрі саналы азаматтарды тәрбиелеуге болады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру ұйымдарының және әрбір азаматтың рөлі зор. Заң талаптарын сақтау тек бақылау мен жазалауға ғана емес, адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымына да байланысты. Сондықтан заңға бағыну қорқыныштан емес, оның қоғам игілігі үшін қажеттілігін түсінуден туындауы тиіс.
Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда әділдік нығайып, азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Ал тәртіп пен жауапкершілік қалыптасқан ортада қауіпсіздік пен өзара құрмет орнығады. Әрбір азамат заңды құрметтеп, өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қоғамның дамуына берік негіз қаланады.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – тек мемлекеттік талап емес, баршаға ортақ азаматтық құндылық. Заңды білу, оны құрметтеу және талаптарын сақтау – әр адамның күнделікті өміріндегі маңызды қағида болуы қажет. Өйткені заңға құрмет – елге құрмет, ал тәртіп – тұрақты әрі қауіпсіз болашақтың кепілі.
Ақмола Гарнизоны Әскери соты әкімшісінің бас маман – сот отырысының хатшысы
Назым Нұржанқызы Еркінғали
[xfvalue_img]
