ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ ИНСТИТУТЫНА ОН БЕС ЖЫЛ: ҚАЛЫПТАСУ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МІНДЕТТЕРІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ ИНСТИТУТЫНА ОН БЕС ЖЫЛ: ҚАЛЫПТАСУ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МІНДЕТТЕРІ

      2026 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасында медиация институтының қолданысқа енгізілгеніне он бес жыл толады. «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданып, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң күшіне енді. Осы уақыт аралығында медиация еліміздің құқықтық жүйесіне енгізілген жаңа рәсімнен азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттеудің орныққан тетігіне айналды. Қазіргі заңнамада оның қолданылу аясы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, заңда белгіленген санаттар бойынша қылмыстық сот ісін жүргізуді және атқарушылық іс жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды да қамтиды. Сонымен бірге үшінші тұлғалардың құқықтарына, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі адамдардың мүдделеріне, мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге қатысты заңнамалық шектеулер сақталған.

       Он бес жыл – құқықтық институттың өміршеңдігін бағалауға жеткілікті мерзім. Сондықтан бұл дата тек мерейтойлық қорытынды жасаудың емес, медиацияның қоғам мен сот төрелігіне нақты не бергенін, қандай мәселелерді шеше алғанын және алдағы кезеңде қандай бағытта дамуы керектігін байыппен саралайтын уақыт болуы тиіс. Медиацияның құндылығын соттарда аяқталған істердің санымен немесе жүктеменің төмендеуімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы маңызы – адамдарға өз құқықтары мен заңды мүдделерін жоғалтпай, дауды өзара қабылдауға болатын шешіммен аяқтауға мүмкіндік беруінде. Сот актісі құқықтық дауға нүкте қояды, ал сапалы жүргізілген медиация сол даудың туындауына себеп болған сенімсіздік пен өзара түсініспеушілікті де азайта алады.

       Медиацияның қазақстандық құқықтық кеңістікке енуі кездейсоқ құбылыс болған жоқ. Ол сот төрелігінің дамуы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың қолжетімді тәсілдерін кеңейту және дауды шешу жауапкершілігін тараптардың өздеріне де жүктеу қажеттігінен туындады. Дәстүрлі сот талқылауында шешімді мемлекет атынан сот қабылдайды. Судья дәлелдемелерді зерттеп, құқықтық норманы қолданады және міндетті сот актісін шығарады. Медиацияда түпкілікті шешімді медиатор емес, дауласушы тараптардың өздері қалыптастырады. Медиатор олардың бірінің талабын қолдамайды, кімнің дұрыс немесе бұрыс екенін анықтамайды, дауды шешіп бермейді. Оның міндеті – тараптардың өзара байланысын қалпына келтіріп, мүдделерін ашық талқылауына және орындалуы мүмкін келісімге келуіне кәсіби жағдай жасау.

       Осы ерекшелік медиацияны сот төрелігіне бәсекелес институт емес, оны толықтыратын құқықтық мүмкіндік ретінде қарауға негіз береді. Медиация сотты алмастырмайды және азаматтың сот арқылы қорғалу құқығын шектемейді. Керісінше, ол заңмен белгіленген шектерде адамға таңдау береді: дауды сот шешіміне дейін жеткізу немесе өзара келісім негізінде реттеу. Мұндай таңдау еркін әрі саналы болғанда ғана медиация өзінің құқықтық және әлеуметтік міндетін атқарады.

       Медиацияның қалыптасу жолын сот статистикасы айқын көрсетеді. ЕАИАС-тың 2012–2025 жылдарға арналған жинақталған деректеріне сәйкес, 2012 жылы аудандық және оларға теңестірілген соттарда медиация тәртібімен небәрі 122 азаматтық іс аяқталған. 2013 жылы бұл көрсеткіш 1 276 іске, 2014 жылы 5 090 іске, 2015 жылы 7 087 іске жетті. 2016 жылы медиация арқылы 19 805, 2017 жылы 28 992, 2018 жылы 32 456 іс аяқталды. 2020 жылы олардың саны 34 062, 2021 жылы 37 684, 2022 жылы 54 521, 2023 жылы 59 759, 2024 жылы 74 682, ал 2025 жылы 97 138 істі құрады.

       2012 жылы соттарда медиация тәртібімен 122 азаматтық іс аяқталса, 2025 жылы олардың саны 97 138 іске жетті. Бұл деректер медиацияның он бес жыл ішінде сот тәжірибесіне кеңінен еніп, азаматтық дауларды шешудің тұрақты құқықтық тетігіне айналғанын көрсетеді. Осы кезеңде азаматтар мен заңды тұлғалар дауды ұзақ сот талқылауына жеткізбей, өзара келісім негізінде аяқтау мүмкіндігін барған сайын белсенді пайдалана бастады.

       Азаматтық сот ісін жүргізуде тараптарды татуластырудың бірнеше нысаны қолданылады. Медиация барысында тараптар медиатордың жәрдемімен өзара қолайлы шешімге келеді. Бітімгершілік келісім олардың тікелей уағдаластығы негізінде жасалады, ал партисипативтік рәсім адвокаттардың немесе заң консультанттарының қатысуымен өткізіледі. Бұлардың әрқайсысының ортақ мақсаты – дауды тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, бейбіт жолмен аяқтау.

       2022–2025 жылдар және 2026 жылдың алғашқы алты айында бірінші сатыдағы соттарда медиация арқылы 342 559 іс, бітімгершілік келісіммен 36 868 іс, партисипативтік рәсіммен 988 іс аяқталған. Осы мерзімде медиация татуластыру рәсімдерінің ішінде ең көп қолданылған тәсіл болды. Бұл көрсеткіштер медиацияның азаматтарға дауды жылдарға созбай шешуге, сот шығындарын азайтуға және отбасылық, туыстық, еңбек немесе іскерлік қатынастарды сақтап қалуға нақты мүмкіндік бергенін көрсетеді.

      Медиацияның нәтижесі тек бірінші сатыдағы соттармен шектелмейді. 2022–2025 жылдар және 2026 жылдың алғашқы алты айы ішінде апелляциялық сатыда татуластыру рәсімдерімен 3 439 азаматтық іс аяқталған. Оның 2 760-ы медиация, 635-і бітімгершілік келісім, 44-і партисипативтік рәсім арқылы реттелген. Апелляциялық сатыдағы барлық татуластыру рәсімдерінің 80,3 пайызы медиацияға тиесілі. 2022 жылы апелляцияда татуластыру рәсімдерімен 597 іс аяқталса, 2025 жылы олардың саны 910 іске жетіп, 52,4 пайызға артқан.

      Апелляциялық сатыдағы бұл көрсеткіштердің өзіндік мәні бар. Бірінші сатыдағы шешім шығарылғаннан кейін тараптар өздерінің құқықтық ұстанымын, дәлелдемелерінің жеткіліктілігін және дауды жалғастырудың нақты салдарын анағұрлым байыппен бағалай бастайды. Кейде талап қою кезінде немесе істі алғашқы қарау барысында эмоциямен қабылданбаған ұсыныс апелляцияда екі тарап үшін де ұтымды шешімге айналуы мүмкін.

      Сот шешімі дауласушыларға құқықтық жағдайдың шынайы көрінісін көрсетеді, ал апелляциялық талқылау олардың ұзаққа созылатын тартыстың тәуекелін түсінуіне мүмкіндік береді.

       Медиацияның сот жүйесіне берген пайдасы даусыз. Тараптардың келісуі істі бірнеше сатыда ұзақ қарау қажеттігін азайтады, процестік уақыт пен сот ресурсын үнемдейді, мәжбүрлеп орындатуға кететін шығынды төмендетеді. Соның нәтижесінде судьялар сот шешімін шынымен қажет ететін, құқықтық тұрғыдан күрделі және қоғамдық маңызы жоғары істерге көбірек назар аудара алады. Алайда сот жүктемесін төмендету медиацияның негізгі мақсаты емес, оның оң жанама нәтижесі екенін ұмытпау қажет. Егер медиацияға тек істі тез аяқтаудың амалы ретінде қарасақ, оның басты құндылығы – тараптардың ерікті және өзара қолайлы шешімге келу мүмкіндігі екінші орынға ығысып кетеді.

      Медиация азаматтарға да елеулі пайда әкелді. Сот талқылауы тараптардың уақытын, қаражатын және күшін талап етеді. Бір іс бірнеше айға, ал кейде бірнеше жылға созылып, апелляциялық және кассациялық сатыларға жалғасуы мүмкін. Өкілдің қызметі, сараптама, жол жүру және өзге де шығындар даудың бастапқы құнынан асып түсетін жағдайлар кездеседі. Бұған адамның жүйкесіне, денсаулығына және жақындарымен қарым-қатынасына келетін зиянды қосу керек. Бірақ келісуге болатын дауда біреуді жеңу үшін жылдар бойы соттасу – құқықтық табандылық емес. Бұл – уақытты жоғалтып, қаражатты тауысып, адамдардың арасын одан әрі алшақтататын жол.

       Әрине, заңды талабын соңына дейін қорғаған адамды орынсыз ымыраға шақыруға болмайды. Құқық бұзушылыққа жол берген тарап жауапкершіліктен медиацияны сылтау етіп жалтармауы тиіс. Қоғамдық мүддені, әлсіз адамның құқығын немесе үшінші тұлғалардың заңды мүддесін қорғау қажет болған істерде толыққанды сот шешімі керек. Медиация әділетсіздікке көндірудің немесе құқық бұзушыға қолайлы жағдай жасаудың құралына айналмауға тиіс. Оның мәні – заңнан шегіну емес, заң рұқсат еткен шектерде тараптардың нақты мүдделерін үйлестіру.

       Медиация әсіресе тараптар сот ісі аяқталғаннан кейін де өзара қатынасын жалғастыруға мәжбүр болатын дауларда маңызды. Бұған отбасылық, еңбек, көршілік, мұрагерлік, корпоративтік және ұзақ мерзімді шарттық қатынастардан туындайтын даулар жатады. Сот мүліктің кімге тиесілі екенін анықтай алады, бірақ сол мүлік үшін араздасқан ағайынды қайта табыстыра алмайды. Сот қарызды өндіріп бере алады, алайда жоғалған сенімді атқарушылық парақпен қалпына келтіру мүмкін емес. Сот баланың тұрғылықты жері мен ата-анасының онымен қарым-қатынас жасау тәртібін белгілей алады, бірақ баланың әкесі мен анасына деген сезімін екіге бөле алмайды. Медиацияның адамға беретін ең үлкен мүмкіндігі – дауды шешу барысында болашақ қарым-қатынастың да тағдырын ескеруге жол ашуы.

        Отбасылық дауларда медиацияның маңызы ерекше болғанымен, оны қолдану асқан жауапкершілікті талап етеді. Ата-аналар арасындағы өкпе баланың мүддесін көлегейлемеуі керек. Неке тоқтауы мүмкін, бірақ ата-аналық міндет тоқтамайды. Медиативтік келісімде баланың кіммен тұратыны, екінші ата-анамен қатынасы, асырау және тәрбиелеу мәселелері ересектер арасындағы өзара есеп айырысу құралына айналмауға тиіс. Мұндай келісімнің заңдылығы ғана емес, оның баланың қауіпсіздігіне, психологиялық жай-күйіне және тұрақты дамуына әсері бағалануы қажет.

        Медиацияның басты қағидаттары – еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, рәсімнің құпиялылығы. Бұл талаптар заң мәтінінде ғана емес, әрбір нақты рәсімде нақты сақталуы керек. Тарап судьядан қысылғандықтан, істі тез аяқтағысы келгендіктен, өкілінің ықпалымен немесе қарсы тараптың экономикалық басымдығынан қорқып келісімге қол қоймауға тиіс. Татуластыру рәсімдерінің саны соттың немесе судьяның жұмысын бағалаудың негізгі өлшеміне айналса, еріктілік қағидатының формалды сипат алу қаупі туады.

       Осыған байланысты медиацияның тиімділігін тек қанша істің аяқталғанымен өлшеу жеткіліксіз. Келісімнің сапасы, орындалуға жарамдылығы, тараптардың оны ерікті орындау деңгейі және сол даудың қайта туындау жағдайлары зерттелуі керек. Келісім тараптардың нақты мүмкіндіктеріне сай келе ме, құқықтық салдары толық түсіндірілді ме, әлсіз тараптың мүддесі қорғалды ма, келісім үшінші тұлғалардың құқығын бұзбай ма деген сұрақтар сандық есептен кем емес маңызды. Қағаз жүзінде бекітілген, бірақ орындалмайтын келісім сот дауын аяқтағанымен, тараптар арасындағы мәселені шешпейді. Кейін ол атқарушылық іс жүргізудегі жаңа келіспеушілікке айналуы мүмкін.

        Медиацияның сот тәжірибесіндегі орны Жоғарғы Сот басшылығы жариялаған деректерден де анық байқалады. 2025 жылғы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы А. Мерғалиев Мемлекет басшысына жеті ай ішінде азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға өсіп, 61 мыңнан 76 мыңға жеткенін баяндады. Қысқа мерзімнің ішінде мұндай істер санының 15 мыңға көбеюі азаматтар мен заңды тұлғалардың дауды тек сот актісі арқылы емес, өзара келісім негізінде аяқтау мүмкіндігін белсенді пайдалана бастағанын көрсетеді. Бұл үрдіс сот жүйесінде татуластыру рәсімдерінің қосымша мүмкіндік деңгейінен шығып, азаматтық сот ісін жүргізудің маңызды бағытына айналғанын аңғартады.

       Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н. Шәріповтің келтірген деректері де осы бағыттың нәтижелілігін нақтылай түседі. Оның мәліметінше, 2025 жылы 37 272 тұлға дауды сотқа дейінгі хаттама арқылы реттеу мүмкіндігін пайдаланған, соңғы жылдары татуласу көрсеткіші 3 пайыздан 46 пайызға дейін өскен, ал әрбір үшінші азаматтық іс бейбіт жолмен аяқталған. Бұл жерде сотқа дейінгі хаттаманың мазмұны ерекше маңызды. Ол тараптарға талап қою сот өндірісіне қабылданғанға дейін өзара ақпарат алмасуға, дәлелдері мен құқықтық ұстанымдарын бағалауға, даудың ықтимал нәтижесін алдын ала пайымдауға және артық сот шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.

      Н. Шәріпов атап көрсеткен сотқа дейінгі хаттама – жай ғана процестік рәсім емес. Ол тараптарды сотқа дейін өз талаптарының негізділігін, дәлелдемелерінің жеткіліктілігін және келісімге келудің нақты мүмкіндігін бағалауға бағыттайтын құқықтық тетік. Мұндай тәсіл дауды жасанды түрде созуға емес, оны мүмкіндігінше ертерек, саналы және өзара қолайлы шешіммен аяқтауға жағдай жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, Жоғарғы Сот басшылығы ұсынған деректер медиация мен өзге де татуластыру рәсімдерінің азаматтық сот ісін жүргізудегі орны нығайып, олардың қоғам үшін нақты құқықтық әрі әлеуметтік пайда әкеліп отырғанын көрсетеді.

        Сотқа дейінгі хаттаманың және өзге де татуластыру құралдарының енгізілуі медиацияның мүмкіндігін сот ғимаратының шеңберінен шығаруға бағытталған маңызды қадам болды. Соған қарамастан, тәжірибеде көптеген тараптар келісімге талап қою берілгеннен кейін ғана келеді. Бір жағдайда азаматтар медиацияның мазмұнын білмейді, екінші жағдайда медиатордың кәсібилігіне күмәнданады, үшінші жағдайда қарсы тарап соттан хабарлама алғаннан кейін ғана мәселенің маңызын түсінеді. Кей адам бірінші болып келісім ұсынуды өзінің әлсіздігі ретінде қабылдайды. Бұл сотқа дейінгі медиацияның әлеуеті әлі толық пайдаланылмағанын білдіреді.

        Медиацияның сапасы медиатордың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Қазіргі даулар мазмұны жағынан күрделене түсті. Отбасылық жанжалдар психологияны және баланың мүддесін түсінуді, еңбек даулары жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы нақты теңгерімді бағалауды, кәсіпкерлік және корпоративтік даулар шарттық құқық пен іскерлік айналымның ерекшеліктерін білуді талап етеді. Медициналық, банктік, сақтандыру және мұрагерлік дауларда да салалық даярлықсыз сапалы келіссөз жүргізу қиын.

       Осыған байланысты медиаторларды даярлаудың мазмұны мен сапасына қойылатын талаптарды жетілдіру маңызды. Бірыңғай ең төменгі кәсіби өлшемдер, тұрақты біліктілікті арттыру, мамандану, кәсіби әдеп, мүдделер қақтығысын болдырмау және құпиялылықты сақтау мәселелері нақты тетіктермен қамтамасыз етілуі керек. Медиаторлар тізілімі азаматқа түсінікті әрі шынайы ақпарат беруге тиіс. Онда медиатордың білімі, даярлық бағдарламасы, жұмыс тәжірибесі, маманданған саласы және кәсіби ұйымға мүшелігі туралы деректер болғаны жөн. Адам өзінің жеке өміріне, отбасысына немесе кәсібіне қатысты күрделі дауды кімге сеніп тапсырып отырғанын білуге құқылы.

         Цифрлық технологиялар медиацияның қолжетімділігін кеңейте алады. Әсіресе әртүрлі өңірде тұратын тараптар, шалғай елді мекендегі азаматтар және шетелдік серіктестері бар кәсіпкерлер үшін қашықтан келіссөз жүргізу уақыт пен шығынды азайтады. Алайда онлайн-медиацияда тараптардың жеке басын анықтау, құжаттарды қауіпсіз алмасу, келісімнің еріктілігін тексеру және құпия ақпаратты қорғау талаптары қатаң сақталуға тиіс. Технология келіссөзге жағдай жасай алады, бірақ адамның ішкі күйін, қорқынышын немесе жасырын қысымды әрдайым толық анықтай алмайды. Сондықтан цифрландыру кәсіби медиатордың жауапкершілігін төмендетпеуі керек.

      Медиацияның он бес жылдық тәжірибесі құқықтық сананың да біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Бұрын сотқа жүгіну қарсы тараппен қатынасты толығымен үзу және соңына дейін күресу ретінде қабылданатын жағдайлар жиі кездесетін. Қазір азаматтар сотта да, сотқа дейін де келісімнің заңды және лайықты шешім екенін көбірек түсіне бастады. Татуласу – өз құқығынан бас тарту емес. Ол адамның өзінің негізгі мүддесін ашудан, қарсы тараптың нақты мүмкіндігін бағалаудан және екі жақ та орындай алатын шешім табудан тұрады.

       Қоғамда келісімге келуді әлсіздік деп түсінетін көзқарас әлі де бар. Шын мәнінде, кез келген ұсынысты қабылдамай, тек қарсы тарапты жеңуге ұмтылу әрдайым табандылықтың белгісі емес. Кейде бұл даудың бастапқы мақсаты ұмытылып, оның орнын ашу мен намыс басқанын білдіреді. Құқықтық мәдениет адамның өз талабын қорғай білуімен ғана емес, даудың шегін, ықтимал салдарын және өзгенің заңды мүддесін бағалай алуымен де өлшенеді.

      Осы тұрғыдан медиация «Заң және тәртіп» қағидатына қайшы келмейді. Керісінше, ол тараптарды өз міндеттемесіне жауапкершілікпен қарауға, заң талаптарын құрметтеуге және қабылдаған шешімін ерікті орындауға жетелейді. Құқықтық тәртіп тек мемлекеттік мәжбүрлеуге сүйенбейді. Ол азаматтардың өз сөзіне, келісіміне және міндеттемесіне адалдығынан да қалыптасады. Өз еркімен орындалған әділ келісім кей жағдайда мәжбүрлеп орындатылған сот актісінен де тұрақты нәтиже береді.

       Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – медиацияның сандық өсуін оның сапалық дамуына ұластыру. Бұл үшін сотқа дейінгі медиацияның қолжетімділігін арттыру, медиаторлардың кәсіби даярлығын күшейту, салалық мамандануды дамыту, рәсімдердің статистикасын нақты ажырату, келісімдердің орындалу деңгейін зерделеу және еріктілік қағидатын кез келген есептік көрсеткіштен жоғары қою қажет. Сонымен қатар медиацияның мәнін халыққа қарапайым әрі дұрыс түсіндіру маңызды.

       Он бес жыл ішінде медиация Қазақстанның құқықтық жүйесінде өз орнын тапты. Ол сот төрелігін алмастырмайды, бірақ құқықты қорғаудың мүмкіндігін кеңейтеді; тараптарды өз талабынан бас тартуға мәжбүрлемейді, керісінше, заңды мүдделерін сақтай отырып, дауды өздері қабылдайтын шешіммен аяқтауға жол ашады. Оның қоғамға берген пайдасы аяқталған істердің санымен ғана емес, үнемделген уақытпен, азайған шығынмен, сақталған отбасылық, туыстық, еңбек және іскерлік қатынастармен өлшенеді.

       Ендігі міндет – медиацияны сандық көрсеткішпен емес, келісімнің әділдігімен, еріктілігімен және орындалуымен орнықтыру. Кәсіби медиатор, тараптардың саналы таңдауы және нақты орындалатын келісім болғанда ғана татуласу қағаз жүзіндегі рәсім емес, дауды шын мәнінде шешетін құқықтық тетікке айналады.

Құқықтық мемлекетке бұзылған құқықты қалпына келтіретін әділ сот та, келісуге болатын дауды өшпенділікке жеткізбей аяқтайтын жауапты қоғам да қажет. Сот тараптардың қайсысы заң бойынша дұрыс екенін анықтайды. Ал медиация оларға заңнан аттамай, бір-бірін жоғалтпай, сол даудан кейінгі өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді. Медиацияның мәні де, оның қоғам үшін құндылығы да осында.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы О.Т.Тұрсынов

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.