Сот отырысының хатшысы маңызды тұлға
Сот отырысының хатшысы – сот қызметінің ажырамас бөлігі болып табылатын лауазым. Кез келген ұжымның табысты жұмысы оның қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Осындай өз ісіне адал, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың бірі - 11 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметкер, сот отырысының хатшысы Ізбанова Ақмарал Қапашқызы.
Бұл лауазым сот жүйесіндегі аса маңызды мамандықтардың бірі. Бұл қызмет дәлдікті, ұқыптылықты, сабырлылықты және заң талаптарын терең білуді қажет етеді. Ақмарал осы жылдар ішінде біліктілігімен, еңбекқорлығымен және кәсіби шеберлігімен көпшіліктің құрметіне ие болды. Еңбек жолында мыңдаған сот отырыстарының хаттамасын жүргізіп, сот құжаттарының уақытылы әрі сапалы рәсімделуіне үлес қосты. Қандай жағдай болмасын, өз міндетін мүлтіксіз орындап, жұмысын тыңғылықты орындап келеді.
Әріптесіміз ұжым арасында да сыйлы, әрдайым көмек қолын созуға дайын тәжірибесімен бөлісетін жан ретінде танылған. Жинақтаған білімі мен мол тәжірибесі арқылы сот жүйесінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Еңбек еткен жылдары ішінде Жаңақала аудандық соты, Батыс Қазақстан облысы соты төрағаларының алғысхаттарымен марапатталды.
Хаттаманың дұрыс толтырылуы, істердің аппеляциялық сатыға дайындалуы, ретімен тігіліп кеңсеге тапсырылуы, атқару құжаттары мен сот актілерінің уақытында орындалуға жіберілуі сынды міндеттер жоғары жауапкершілікті талап етеді. Себебі сот жүйесіндегі әрбір парақтың артында адамның тағдыры тұр.
Осындай жауапкершілікті арқалап отырған судьядан кейінгі маңызды тұлға сот отырысының хатшысы екені даусыз. Сот төрелігі мен сот жүйесіне деген азаматтардың сенімін нығайтуда өз үлесін қосып жүрген әріптесіміздің еңбегі әрдайым бағаланып, көпшілікке үлгі бола бермек.
А.Мендалиев, Жаңақала аудандық сотының бас маманы.
[xfvalue_img]
