Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметші күні
Жыл сайын 23 маусымда Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметші күні атап өтіледі. Бұл мереке мемлекет пен қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің кәсіби еңбегіне құрмет көрсетудің белгісі болып табылады.
Мемлекеттік қызмет – елдің тұрақты дамуы мен өркендеуінің маңызды тетігі. Мемлекеттік қызметшілер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосады. Олардың кәсібилігі, адалдығы және жауапкершілігі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін айқындайды.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік аппараттың ашықтығын, тиімділігін және халыққа бағдарлануын арттыру мақсатында түрлі реформалар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтарға сапалы қызмет көрсету – олардың басты міндеттерінің бірі.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, сонымен қатар халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды тұлға болып табылады. Сондықтан мемлекеттік қызметте жоғары моральдық құндылықтар, кәсіби біліктілік және патриоттық рух ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызметші күні – қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық мемлекеттік қызметшілерге алғыс білдіретін мереке. Олардың еңбегі елдің дамуына, азаматтардың әл-ауқатының артуына және Қазақстанның болашағының жарқын болуына қызмет етеді.
Барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және қызметтеріңізге жетістіктер тілейміз.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының бас маманы С.М.Турумов
[xfvalue_img]
