Жастар және заң: құқықтық сауаттылық – саналы қоғамның негізі
Еліміздің болашағы – білімді, тәрбиелі және заңды құрметтейтін жастардың қолында. Сондықтан жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Құқықтық мәдениеті жоғары азамат қана өз құқықтарын тиімді қорғай алады, міндеттерін жауапкершілікпен орындайды және қоғамның дамуына үлес қосады.
Қазіргі таңда жастар ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған дәуірінде өмір сүріп жатыр. Интернет пен әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл жастарға білім алуға, өз қабілеттерін дамытуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, құқықтық тұрғыдан түрлі қауіптерді де туындатуда. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату, бөтен адамның ар-намысына нұқсан келтіру, кибербуллинг, интернет-алаяқтық сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Көп жағдайда жастар мұндай әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғатынын толық біле бермейді.
Заңды білу – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Әрбір жас азамат өз құқықтарымен қатар міндеттерін де жақсы меңгеруі қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясында әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары айқын көрсетілген. Сонымен бірге әркім заңдарды сақтауға, өзге адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру отбасыдан басталады. Ата-ананың тәрбиесі, заңға деген құрметі мен жауапкершілігі балаға үлгі болады. Сонымен қатар мектеп пен жоғары оқу орындарының да рөлі зор. Білім беру ұйымдарында өткізілетін құқықтық сабақтар, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен танымдық іс-шаралар жастардың құқықтық білімін арттыруға ықпал етеді.
Сот органдары да құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ашық есік күндері, сот процестеріне қатысу мүмкіндігі, жастармен кездесулер және құқықтық түсіндіру жұмыстары азаматтардың заң мен сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған. Мұндай шаралар жастардың заң талаптарын тереңірек түсінуіне және құқықтық санасының қалыптасуына көмектеседі.
Құқықтық сауатты жас өз құқығын қорғап қана қоймай, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуына да үлес қосады. Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгісі. Қоғамның дамуы әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан олардың құқықтық білімін жетілдіру, заңға құрметпен қарауын қалыптастыру және құқықтық мәдениетін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Заңды білетін, құқықтарын қорғай алатын және өз міндеттерін адал орындайтын жастар ғана еліміздің жарқын болашағын қалыптастыра алады.
Орал қалалық сотының бас маманы- сот отырысының хатшысы А.Т.Жумағалиева
[xfvalue_img]
