Медиация – татулық пен келісімнің кепілі
Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда медиация институтының маңызы зор. Дауларды бейбіт жолмен шешуге бағытталған бұл рәсім уақытты үнемдеп қана қоймай, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.
Бәйтерек аудандық сотында медиацияны дамыту және оны кеңінен қолдану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы бес айында сот өндірісімен аяқталған 170 азаматтық істің 82-сі медиация тәртібімен аяқталды. Бұл өз кезегінде тараптардың дауларды өзара келісім арқылы шешуге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Медиация рәсімін қолдану көрсеткіштерін арттыру мақсатында сот судьялары әрбір азаматтық іс бойынша тараптарға медиацияның артықшылықтарын түсіндіреді. Дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі жан-жақты талқыланып, тараптардың өзара келісімге келуіне жағдай жасалады.
Сонымен қатар сот ұжымы медиация институтын насихаттау бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, аудан тұрғындарымен, мемлекеттік органдар өкілдерімен, кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен кездесулер, семинарлар және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда татуласу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бәйтерек аудандық сотының судьясы атап өткендей, медиация – тек дауды шешу құралы ғана емес, ол қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтатын маңызды институт.
«Медиацияның басты артықшылығы – тараптардың өзара тиімді шешімге келуінде. Нәтижесінде азаматтар уақытын, қаражатын үнемдеп қана қоймай, өзара қарым-қатынастарын сақтап қалады. Сондықтан сот тараптарды мүмкіндігінше татуласу рәсімдерін қолдануға шақырады», – деді төраға А.Маженова.
Медиация институтын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Өйткені дауларды келісім арқылы шешу – құқықтық мемлекет құрудың және қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.
БҚО, Бәйтерек аудандық соты әкімшісінің басшысы Ж.Б. Каримов
[xfvalue_img]
