Тіл – ұлт тұтқасы, еліміздің айнасы, халық бірлігінің өзегі
Туған елім- тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін! – деп ақын Әбілда Тәжібаев жырлағандай тіл қай елде болса да құдіретті. Ол ұлттың жаны, әрі ары, достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ол атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұра. Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді білу, қастерлеу, оның деңгейін көтеру туралы көп айтылып, көп жазылып жүр. Тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жылға таясада, мемлекеттік тілде толық жұмыс жасамай, әліде тілдің мәселесін көтере беру елдігімізге сын емеспе. Ата заңда көрсетілген тіл туралы бапқа өзгеріс енгізіп, ресми тілді алып тастайтын уақыт болды. Ата заңда осы өзгеріс жасалмаса, мемлекеттік тілдің жетімдік көрген күйінде қала беруі әбден мүмкін. Басшыдан қосшыға дейін, яғни, баршамыз қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарының толық мемлекеттік тілде жүргізілуіне атсалысуымыз керек. Мысалға, сот саласында арыз, шағымдардың мемлекеттік тілде берілуі. Қазіргі таңда кейбір азаматтардың арыз, шағымдарын орыс тілді заң кеңесшілеріне жаздырып, сот отырысы кезінде талап қоюшы ресми тілді меңгермегені анықталып, сот процесін жүргізуде қиындықтар келтірсе, екінші жағынан мемлекеттік тілге деген құрметтің де төмендеуі. Сол себепті мемлекеттік тіл – қазақ тілінің абыройын асқақтатып, жоғары көтеруіміз қажет. Тіл – халықтың жаны, оның қуанышы, дерті, жады, қазынасы. Бұл Қазақстанның күші. Осы күштің тұғыры мықты болуы үшін, ана тілінде сөйлеп, сауатты жаза біліп, өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетіп, орыс тілді бауырларымыздың ана тілін үйренуіне көмек қолын созуға тиістіміз. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан, тіл үшін күресуге міндеттіміз. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер кейінгі ұрпақ үшін үлкен мұра.
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сот әкімшісінің аға сот приставы Ж.Т.Құрманов
[xfvalue_img]
