Әдепті болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес қызмет атқаруы — қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сонымен бірге мұның өзі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керек, осыны тайға таңба басқандай айқындап берді. Осы арқылы мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Ол жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деген бес бөлімнен тұрады.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Оның ішінде қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, біреуді сын айтқаны үшін қудаламай және мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі, қол астындағыларды кемсітпеуі және қызметкерлердің барлығына құрметпен қарауы тиіс.
Мемлекеттік қызметші үшін өзіне шектен тыс сенімді болу, қызметтестеріне, бағыныштылары мен келушілерге шыдамсыздық көрсету – үлкен қателік. Мемлекеттік қызметшінің ақиқат шыншыл болуы – оның маңызды моральдық қасиеті болып табылады.
Мемлекеттік қызметші үнемі дүйім жұрттың назарында жүретін адам. Оның имиджі – ол мемлекет имиджінің ажырамас бөлігі. Сондықтан өздерінің қарапайым мінез-құлқымен, жауапкершілігімен, кәсібилігімен қоғамның мемлекеттік қызметке, жалпы мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтап, нығайту қажет. Кез келген лауазым заңға қарсы әрекеттермен, менмендікпен, тәккапарлықпен, парақорлықпен, өкілететтіктерін теріс пайдаланумен сыйыспайды.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік орган басшыларының өздерінің және бағыныстыларының мемлекеттік қызмет этикасы нормаларын сақтауы үшін жауапкершілігін арттыратынын атап өту қажет.
Мемлекеттік қызметкерге жалпы қабылданған этикет сақтауы өте маңызды, себебі ол тікелей адаммен жұмыс жасайды және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан адамгершілік құндылықтар, адамға деген мейірімділік, оның жанын түсіну, көмек беруге ұмтылу, әр жұмысына адал болу және т.б. адамгершілік қасиеттері – оның басты этикалық құндылықтары болып табылады. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киімінің тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу, анық әрі түсінікті, жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этикет жүйелеріне жатады.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар – ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!» - деп, Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың «ақ туын» абыроймен ұстауымыз қажет.
Орал қалалық соты әкімшісінің бас маманы-сот отырысының хатшысы А.К.Утепова
[xfvalue_img]
