Әскери соттар және мемлекеттік тіл
Әскери соттар — ерекше мамандандырылған құрылым. Қазақстан Республикасының әскери соттарының тарихы 1992–1994 жылдары оларды құру туралы Ел Президентінің Жарлығымен басталған. Осы уақыттан бері әскери соттармен екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде, істер қаралуда.
Жалпы еліміздің гарнизондық әскери соттардың қарауына әскерилермен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы қылмыстық істер, бір тарап әскери қызметші не әскери бөлім (құрылым) болып табылатын әскери қызмет өткерумен байланысты азаматтық істер және әскери қызметкерлердің талап қоюы негізінде қаралатын әскери әкімшілік органдарға қойылатын жария-құқық саласындағы даулар. Облыстық деңгейде сот актілерін қайта қарау Қазақстан Республикасы Әскери сотының сот алқаларының құзырында.
Әскери соттармен қаралатын істердің спецификасына сай, мұндағы тіл саясаты тікелей ұлттық қауіпсіздік пен әскери тәртіптің нығаюымен байланысты.
Әскери соттардағы мемлекеттік тілдің қазіргі деңгейіне шолу жасасақ, сот ісін жүргізуде соңғы жылдарда әскери соттарда қазақ тілінде қаралатын істердің үлесі айтарлықтай өскенін байқауға болады. Егер 90-шы жылдардың басында істер негізінен орыс тілінде жүргізілсе, бүгінде әскери қылмыстар бойынша сот процестері айыпталушының таңдауына сәйкес басым жағдайда мемлекеттік тілде өтеді. Азаматтық істер бойынша әскери бөлімдердің (құрылымдардың) талап қоюлары 100% жуық мемлекеттік тілде келіп түседі, ал әскери қызметкерлер мен бұрынғы әскерилердің сотқа жүгінулерінің орташа есеппен жартысы қазақ тілінде келіп түседі. Олардың көп бөлігін тұрғын үй даулары және әскери қызметтен заңсыз босатумен байланысты талап қоюлар құрайды.
Қазақстанның барлық процестік кодекстерінде (ҚПК, АПК, ӘРПК, ӘҚБтК) сот ісін жүргізу тіліне қатысты ортақ қағидат бекітілген. Оның негізі — талап қоюшының немесе айыпталушының таңдау құқығы. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (немесе айыптау актісі) қай тілде берілсе, сол тілде белгіленеді. Дегенменен, заңнама іске қатысушылардың ниет білдіруіне байланысты іс жүргізу тілін өзгерту мүмкіндігін қарастырады.
Осыған орай, тараптардың жазбаша өтінішхаты негізінде орыс тілінде іс жүргізуге қабылданған азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге өзгертілген кейстер соңғы кезде жиі кездесуде. Олардың басым көпшілігі соттың ұсынуымен басталған тараптардың қолдауының нәтижесінде орын алуда.
Сонымен қатар, іс жүргізу тілін менгермеген іске қатысушы болған жағдайларда оған аудармашының тегін қызметін пайдалану мүмкіндігі беріліп, сот отырысына аудармашының қатысуы қамтамасыз етіледі.
Әскери соттардың ерекшелігі — мұнда жалпы заң терминдерімен қатар, арнайы әскери лексика қолданылады. Мысалы: гарнизон, дезертирлік, командир, әскери шен, жарғы. Сол себепті Кеңес Одағының құлдырауынан кейін бұрыңғы әскери трибуналдардың орынбасарлары ретінде әскери соттарда мемлекеттік тілдің қолдану аясы біртіндеп әскери терминологияның қалыптасуы мен жалпы ұлттық идеологияның нығаюымен қатар кеңейе түсті.
2014 жылы Жоғарғы Сот пен Судьялар одағының бастамасымен мемлекеттік тілді сот ісіне кеңінен енгізу мақсатында «Сот ісін жүргізу тілі» атты арнайы бағдарлама аясында заң терминдерінің, соның ішінде әскери терминдердің қолданылуы реттелді. 2017–2018 жылдарда терминологиялық нақтылау жұмыстары жүргізіліп Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссияның мақұлдауымен және Жоғарғы Соттың қатысуымен «Құқық саласындағы терминдердің бірыңғай сөздігі» толықтырылды. Дәл осы кезеңде әскери соттарда жиі қолданылатын спецификалық терминдер, мысалы, гауптвахта, дезертирлік, әскери жеңілдіктер және тағы басқалары, ресми бекітілді.
30 жылдық тарихында әскери соттар толықтай дерлік екі тілде бірдей еркін сөйлейтін мамандармен жасақталды. Әскери соттарда қызмет ететін судьяларының барлығы мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгерген. Әскери соттардың ішкі құжат айналымы (бұйрықтар, анықтамалар, хаттамалар, есептер) 100% мемлекеттік тілге көшірілген.
Сот саласын цифрландыру нәтижесінде «Сот кабинеті» жүйесі арқылы әскери қызметшілер сотқа кез келген арызды қазақ тілінде онлайн бере алады. Барлық үлгілер мен бланктер мемлекеттік тілде қолжетімді. Бұл сарбаздар мен офицерлердің тілдік құқықтарының бұзылмауына кепілдік береді. Облыстық сот деңгейінде тұрақты түрде мемлекеттік тілде шығарылған сот актілерінің сапасына мониторинг жүргізіліп, грамматикалық қателерді болдырмау және терминологиялық дәлдікті сақтау жұмыстары жүргізілуде.
30 жыл ішінде әскери соттар жабық құрылымнан ашық, жариялы және тиімді сот органына айналып ғана қоймай, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде, тіл саясатын қолдауда, сот ісін жүргізуде процесстік заңнамаға сай мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуде.
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы Г.Т.Есбергенова
[xfvalue_img]
