Сот төрелігінің жаңа кезеңі: Қазақстанда дербес кассациялық соттар жұмысын бастайды
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің сот жүйесінде ауқымды өзгеріс жүзеге асады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының әділ сотқа қол жеткізу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде үш дербес кассациялық сот өз жұмысын бастайды. Бұл — ел тарихындағы сот реформасының жаңа кезеңі.
Енді азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кассациялық шағымдар Астана қаласында орналасатын жеке кассациялық соттарда қаралатын болады. Бұған дейін мұндай істер Жоғарғы Соттың құрамындағы кассациялық алқаларда қаралып келген.
Сот жүйесіндегі бұл жаңашылдықтың басты мақсаты — сот төрелігін сапалы, әрі әділ жүзеге асыру. Сонымен қатар, реформа арқылы Жоғарғы Сот нақты істерді қараудан босатылып, тек сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету міндетін атқарады.
Сот органдарының хабарлауынша, жаңа кассациялық соттардың құрылуы бірнеше маңызды мәселелерді шешеді:
- азаматтар мен заңды тұлғалардың сот шешімдеріне шағым беру мүмкіндігі кеңейеді;
- сот шешімдерінің сапасы мен заңдылығы артады;
- азаматтардың сотқа деген сенімі нығаяды;
- судьялар нақты салада маманданып, сот төрелігін тиімді жүзеге асырады.
Жаңа құрылымға сәйкес, судьяларды іріктеу ашық әрі әділ негізде өткізіледі. Бұл — сот жүйесінің кәсібилігі мен адалдығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Соттың өкілдері бұл реформаның халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін және инвесторлар мен шетелдік серіктестер үшін де құқықтық сенімділікті нығайтатынын атап өтті.
Түйіндей айтқанда, 2025 жылдың 1 шілдесінен басталатын жаңа кезең — сот жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Бұл өзгеріс тек құқықтық орта үшін емес, тұтас қоғам үшін оң серпін беретіні сөзсіз.
Батыс Қазақстан облысы
Бәйтерек аудандық соты
әкімшісінің басшысы Ж.Б. Каримов
[xfvalue_img]
