Алқабилер сотының ерекшелігі
2006 жылғы 16 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңы қабылданып, 2007 жылдан бастап қылмыстық іс жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылатын болды.
Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу қылмыстық істерді қарауға және шешуге халық өкілдерін тарту болып табылады.
Алқаби - санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам.
Аталған Заң бойынша, жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сотпен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар алқаби болып сотқа қатыса алмайды.
Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер ҚР ҚПК-нің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 23 тамыздағы № 4 «Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы» Нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет.
Елімізде алқабилер институты әрдайым даму үстінде, алқабилер соты жұмыс жасағаннан бері қазіргі таңға дейін көптеген өзгерістер орын алды.
Бұрынғы заң нормасына сай алқабилердің қатысуымен іс жүргізу Қазақстан Респбуликасының Қылмыстық кодексінде өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстық істер бойынша қаралатын, алайда қазіргі кездегі заңға енгізілген өзгерістер алқабилермен қаралатын істердің құрамын едәуір арттырды.
ҚПК-нің 634-бабының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын түсіндіруге міндетті.
ҚПК-нің 52, 309, 321 және 631-баптарына өзгерістер енгізілді. Соған байланысты 2022 жылдан бастап, сот алқабилердің қатысуымен: 1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру; 2) бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар; 3) террористік және экстремистік қылмыстар; 4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар; 5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар; 6) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істер қаралады.
2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116 (екінші және үшінші бөліктерінде), 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 146 (екінші және үшінші бөліктерінде), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 249 (екінші бөлігінде), 317 (төртінші бөлігінде), 335 (төртінші бөлігінде), 337 (төртінші және алтыншы бөліктерінде), 345 (төртінші бөлігінде), 345-1 (төртінші бөлігінде), 346 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында)-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істерді де сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
- Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың мұндай жиынтығына, аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған қылмыстың атап өткен баптардын ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісін сотқа алқабилердің қатысуымен қаратуға құқығы бар.
Қылмыстық іс бойынша сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті түрде алдын ала тыңдау өтікізіледі. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді.
Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы сот жүйесінің «Төрелік» бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «SMART DATA UKIMET» бағдарламасына алқабиге кандидаттардын тiзiміне электрондық түрде сұраныс жіберіп, алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi. Бiр адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi. Төрағалық етушімен сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу өткізіліп, яғни алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босату, өздігінен бас тарту және қарсылық бiлдiру туралы мәселелерi шешіліп, түпкілікті істі қарайтын алқабилер құрамы құрылады.
Алқабилердің сот процесінде сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысып, төрағалық етушi арқылы сұрақтар қойып, сот тергеуiндегi барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, төрағалық етуші алқабилердi дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректермен таныстыруға тиiс емес, егер сот талқылауы барысында дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректер табылса, оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселенi алқабилердің қатысуынсыз шешеді.
Алқабилердің қатысуымен іс жүргізудің маңызды ерекшеліктерінің бірі мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісіні жария еткен кезде сотталушының сотталғандық фактiлерi туралы еске салуға құқылы емес. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты терiс түсiнiгiн туғызуға ықпал ететін өзге де мән-жайлар алқабилердің қатысуынсыз зерттеледі. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады. Жарыссөздiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай, оның кiнәсiнiң дәлелденгенi немесе дәлелденбегенi жөнiндегi өз ұстанымдарын баяндайды. Ал жарыссөздiң екiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.
Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығырылады. Заң талабы бойынша алқабилердің шешуіне іс-әрекеттiң орын алғаны, сотталушының оны жасағаны дәлелдендi ме және оның жасалуына сотталушы кiнәлi ме деген үш негiзгi сұрақтар қойылып, өзінің шешімдерін қабылдайды. Жарыссөз аяқталғаннан және сұрақтар тұжырымдалғаннан кейiн судья және негiзгi алқабилер кесім шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
Алқабилер қатысатын сотта қылмыстық iстер бойынша мынандай шешiмдер қабылдаумен аяқталады: ҚПК-нің 327-бабында көзделген жағдайларда, iстi тоқтату туралы қаулы; ҚПК-нің 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың ең болмағанда бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда - ақтау үкiмi; ҚПК-нің 393-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкiмi.
Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңының талаптарына сәйкес соттың шешімі шыққаннан кейін әрбір қатысушы алқабидің еңбегіне сыйақы төленеді.
Апелляциялық сатыдағы сот алқабилер қатысатын соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған кезде үкім, қаулы шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді және осының негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге: iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн, жол берілетін дәлелдемелердi талқылаудан негiзсiз алып тастау; тарапқа iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартуды білдіру; сот отырысында дәлелдемелер ретiнде жарамсыз, iстiң нәтижесіне ықпал еткен нақты деректердi зерттеу; ҚПК-де көзделген қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу; яғни, алқабилер алқасын қалыптастыру; алқабилердiң қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелердi талқылау; алқабилердiң шешуiне жататын сұрақтарды тұжырымдау; сот жарыссөздерін жүргізу кезінде жол берілген, сот төрелігі үкімінің шығарылуына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар негіз болып табылады.
Апелляциялық саты сотталған адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы А.Ш.Дюсингалиев
[xfvalue_img]