Әскери соттардың соттылығына кіретін әкімшілік талап қоюлар
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ары қарай – ӘРПК) 4-бабында әкімшілік талап қою жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе дау айтылған құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап ретінде айқындалған.
ӘРПК-де әкімшілік талап қоюдың төрт түрі бекітілген: дау айту, мәжбүрлеу, әрекет ету және тану. Ең жиі сотқа келіп түсетін дау айту туралы талап қою болып келеді. ӘРПК-нің 132-бабына сәйкес ол ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда беріледі және онда талап коюшы әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінің күшін жоюды сұрауға құқылы.
Жалпы талап қою сотпен қаралып құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау бойынша өзінің функциясын сәтті орындап шығуы оның бірнеше критерийлерге сәйкес болуымен байланысты. Атап айтқанда, талап қоюдың жарамдылығы және негізділігі.
Мысалы, дау айту туралы талап қоюдың жарамдылығын соттылыққа, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысынан өтуге, жауапкерге, талап қоюдың мерзімдеріне қойылатын заң талаптарының орындалуы, осы талап қою түрінің нысанының сақталуы, талап қою құқығының болуы және мемлекеттік баждың төленуі құрайды. Жарамдылық сатысынан өткен дау айту туралы талап қою негізділігі тұрғысынан тексерілуге жатады. Бұл этапта құқықтық негіз, формалды заңдылық, материалдық шарт, қалау және мөлшерлестік қағидаты критерийлері бар.
Демек талап қоюдың сотқа келіп түскеннен кейінгі ең алғашқы тексерілетін критерийі соттылықтың дұрыс анықталуы.
Дау айту туралы талап қою әкімшілік актпен тікелей байланысты болғандықтан оның соттылығы осы актінің шығарылған орны бойынша әкімшілік сотқа тиесілі. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады. Ал электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт дауланып жатса, талап қоюшы өзінің тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша әкімшілік сотқа жүгіне алады.
ӘРПК-нің 103-бабында әкімшілік істердің әскери соттарға соттылығы нақтыланған. Яғни әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында әскери сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
Соттылық бойынша дау айту туралы талап қоюлармен байланысты ең басты екі мәселе бар: жалпы іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жататындығы, яғни даудың жария-құқықтық сипатқа ие болуы. Екіншісі, осы күнде пайда болған «процессуалды туризм» көріністері. Соңғысы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында 2022 жылдың 13 желтоқсанында «Жария-құқықтық даулар: соттылық мәселелері тақырыбында» өткен заңгерлердің тематикалық онлайн-диалогы барысында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Т. Амангелдин сөз қозғаған еді. Оның айтуы бойынша, талап қоюы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен қаралуын қалайтын талап қоюшылар жасанды түрде аумақтық соттылықты әкімшілік актіні шығарған органның жоғары тұрған орталық органын қос жауапкер ретінде көрсету арқылы, немесе осы орталық органға шағымданып, артынша жауабын даулау туралы деректерді талап қоюына қосу арқылы, өзгертуді көздейді.
Әскери соттарда да «процессуалды туризмнің» көріністері байқалуда. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығын, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәуіпсіздік комитетінің Шекара қызметін қосымша жауапкер ретінде тарту арқылы әр түрлі гарнизондардағы әскери соттардың соттылығына жататын істердің соттылығын Ақмола гарнизоны әскери сотының соттылығына жатқызу фактілері кездесуде.
Әскери соттар қызметтегі әскери қызметшілердің әскери бөлім немесе әскери құрылымдағы әкімшілік орган шығарған әкімшілік актілерді даулау туралы талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды. Бұл тұрғыда айта кететін маңызды жайт, бұрынғы әскери қызметкерлердің талап қоюлары әскери соттармен қаралуға жатпайды, себебі, әскери сотпен қаралатын әкімшілік істер заңмен тек қызметтегі әскери қызметшілерден түскен талап қоюлармен байланыстырылған.
Оған қоса, Астана қаласына қарасты әскери бөлімдер мен құрылымдардың әкімшілік актілеріне, әкімшілік әрекеттеріне шағым келтірумен байланысты талап қоюлар Ақмола гарнизоны әскери сотымен қаралады. Сәйкесінше Алматы, Семей, Ақтөбе және Шымкент қалаларында орналасқан әскери соттардың соттылығына тек осы қалалардағы әскери құрылымдар жауапкер болып келетін талап қоюлар жатады. Ал басқа қалалар мен өңірлердегі әскери бөлімдер мен құрылымдарға қатысты әкімшілік талап қоюлар, аумақтық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттармен қаралуға жатады.
Жалпы әкімшілік соттар құрылған алғашқы жылдары әскери соттардың соттылығына жататын әкімшілік істер мәселесі жиі қозғалып істер соттылық бойыншга жолданатын. Ал қазіргі таңда тараптармен бірқалыпты тұрақты соттылық қағидаттары ұстануда, жергілікті әкімшілік соттар мен гарнизондық әскери соттардың соттылығының аражігі анық ажыратылған.
ӘРПК қолданысқа еңгізілгелі бері мемлекеттік аппарат пен азаматтардың бір бірімен қатынастарына жаңа серпін берілгені, азаматтардың құқықтарын қорғауда бір саты алға қадам басқанымыз анық. Себебі бұл Кодекс бұрын-соңды болмаған принциптерімен, жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтарын қорғаудағы үлкен мүмкіндіктерімен, мемлекет пен азамат арасындағы даудағы екі тарапты балансқа келтіру жолдарымен ерекшеленеді. Осы тұрғыда әскери әкімшілік органдардың әкімшілік актілері мен әкімшілік әрекеттерінің заңдылығын, негізділігін тексерудегі, қарапайым әскери қызметкердің жария құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы әскери соттардың рөлі ерекше.
Г.Т. Есбергенова
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы
[xfvalue_img]