Тілге құрмет – елге құрмет
«Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан–ұрпаққа мирас болар баға жетпес асыл мұра. Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов «Қазақ халқының тілі – әрі бай, әрі көркем. Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасыиет жоқ. Көпұлтты елімізде қос тіл – қос қанатың болып табылады» деген. Тілдің байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарап, ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті. Қазіргі уақыт көші Ата заңға адалдықты, мемлекеттік тілге қамқор болуды талап етеді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Тіл оның ішінде біздің ана тіліміз еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру - баршамыздың борышымыз.
Мемлекеттік тілді жүргізу саясаты қалың бұқараның қолдауын тауып, қазіргі таңда мемлекеттің бүкіл аумағында, сот жүйесінде де қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік тілді қолданылу аясы қалыптасты. Тілдің мәртебесін одан әрі кеңейту мақсатында сот саласы қызметкерлерінің іс-қағаздарын толық қазақ тілінде жүргізілуіне қатаң талап қойылған. Сондықтан мемлекеттік тілдегі шығыс, кіріс құжаттарды, жедел кеңес хаттамаларын сонымен қатар, барлық ішкі құжаттардың мемлекеттік тілде сапалы және нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекеттік органдар бір-бірімен мемлекеттік тілде хат алмасу, қажет жағдайда ғана екі тілде жолдану керек. Мемлекеттік органдарда кеңсе тілінің іс-қағаздары мемлекеттік тілде сапалы дайындалмайынша, осы төңіректегі мәселелер семинарлар, дөңгелек үстелдерде талқыланып, тиісті деңгейге көтерілгенінше күн тәртібінен түспеуі қажет. Аудандық сот мамандарының мемлекеттік тілді жақсы білетінін, сот істері мен іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізумен қатар ана тілінің жанашырлары болып жүргендерін мақтанышпен айтуға болады. Жыл сайын жұмыс жоспарлары құрылып, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында көптеген іс шаралар жүзеге асырылуда.
Қазақта аталы сөз бар: «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ». Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, Мемлекеттік тіл мен оның мәртебесіне қойылған талаптар біртіндеп, әрі дәйектілікпен жетуге тиіс нұсқаның негізгі өлшемдеріне айналуы керек. Әр қазақстандықтың жүрегі «Қазақ тілі – менің тілім!» деп соғып, қазақ тілін меңгеру – қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
Қаженов Руслан Сайфетдинұлы
БҚО, Казталов аудандық соты Әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]