Қылмыстық іс бойынша сот үкімінің орындалуы
Сот үкімі - қылмыстық іс бойынша бүкіл іс жүргізудің қорытындысы шығарылатын құқық қолданудың аса маңызды актісі болып табылады.
Үкім жарияланғаннан кейін - бес тәуліктен кешіктірмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшірмесі сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етіледі. Үкім жария етілген күннен бастап он бес тәулік ішінде апелляциялық шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап дәл сондай мерзімде бере алады. Сот үкіміне шағым келтірілген жағдайда, апелляциялық сатыда қарауға жолданады. Егер, тараптардан шағым түспеген жағдайда, бірінші сатыдағы сот, үкімнің заңды күшіне енген күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға, ал, шағым бойынша жолданған іс жоғары тұрған соттан қайтарылған уақытта дәл сондай мерзімде енгізіледі.
Сот үкімі бойынша белгіленген төлемдер, жалпы айтқанда, іс бойынша жұмсалған процестік шығындар.
Заңды күшіне енген сот үкімдері бойынша ақша өндіру бөлігінде атқару парақтары «Төрелік» бағдарламасы арқылы жеке сот орындаушыларына жолданады. Ескере кететін жәйт, атқару парақтарын орындауға жолдауда сотталғанның тіркеуде тұрған жеріне мән берген жөн, яғни, тіркеудегі тұрғылықты жері бойынша жолдау міндетті. Орындауға жолдау барысында «Төрелік» бағдарламасы арқылы бөліктерді дұрыс толтыру өте маңызды. Атап айтқанда, азаматтық талап бөлігінде өндірілуге жататын төлемдер «сот үкімі бойынша» деген, қалған бөліктегі төлемдер «АЕК-тен төмен (дейін) немесе АЕК-тен жоғары» деген талабына сәйкес болуы қажет. Тағы да назарларыңызды аудара кететін нәрсе, төлем АЕК-тен төмен болған жағдайда жеке сот орындаушыларының, ал, АЕК-тен жоғары болған жағдайда Әділет департаментінің орындауында болатындығында.
«Төрелік» бағдарламасының тиімді тұсы - атқару парақтарын бақылауда ұстаудың қолжетімділігі. Яғни, жолданған атқару парақтарын «орындаудан бас тарту», «орындауда», «орындаусыз кері қайтарылды», «аяқталды» деген бөліктер арқылы қадағалау мүмкіншілігінде. Орындаудан бас тартылған атқару парағы «Төрелік» бағдарламасы арқылы қайта жолдануға жатады. Ал, орындаусыз кері қайтарылған атқару парақтары жеке сот орындаушысының қаулымен бірге сотталғанның жаза өтеу мекемесіне орындау үшін жолданады. Қандай жағдайда орындаусыз кері қайтарылады? Атқару парақтарын мекемеге жіберудегі мақсат қандай? Егер, сотталғанның тұрғылықты жері бойынша жылжитын және жылжымайтын мүлкінің болмауының анықталуына байланысты іс жүргізу шығынын өндіру бөлігінде атқару парағын орындау мүмкіншілігінің жоқ болуы сотқа орындаусыз қайтаруға кедергі тудырмайды. Бұл жағдайда, сотталған жаза өтеу мекемесінде жұмыспен қамтылған жағдайда сот үкімі бойынша төлемдерді жалақысынан ұстау жұмыстары жүргізіледі.
Үкім барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәріне бірдей міндетті және бұлжытпай орындауға жатады. Бұл дегеніміз, сот тарапынан сот үкімі негізінде белгіленген төлемдер бойынша әр тоқсан сайын міндетті түрде ескертпе хаттар жазу, яғни, үкімнің толыққанды немесе ішінара орындалу барысын әрдайым қатаң бақылауда ұстау - біздегі басты міндеттің бірі десек, артық болмас!
Айгүл Гумарова
Орал қалалық сотының бас маманы
[xfvalue_img]